Бұл - қазақ эстрадасында өзіндік орны бар топтың ең жарқын, кәсіби және бірегей жобасы.
ULYTAU тобы 2001 жылы құрылған, содан бері топ көптеген наградаларға ие болып келеді, әлемнің көптеген елдерінде гастрольдермен болды. Музыканттар АҚШ, Германия, Англия, Қытай, Жапония, Вьетнам, Түркия, Польша, Ресей және басқа да көптеген елдерде концерттер берді. Оған қоса, ULYTAU гастрольдік тур аясында Лондондағы Халықаралықк көрмеде өнер көрсетті, Қазақстанның Қытайдағы Мәдениет күндері аясында Шанхай және Бейжің қалаларында өткен шараларға қатысты.
Осыдан бір жыл бұрын топтың өмірінде түбегейлі өзгеріс болды. Топтың продюссері Қыдырәлі Болман Франкфуртте немістің «iMusic TV» және «iMusic Records» медиа-холдингінің негізін қалаушылар - Дмитрий Законмен, Анар Рейбандпен және Марко Квиринимен келіссөз жүргізді. Аталған азаматтардың Қазақстанға жауап сапарынан кейін келісімшартқа қол қойылып, алдағы қадамдар мен промо-жоспарлар талқылана бастады. Келісімшартқа қол қойылғанына бір ай өтпей жатып, топ "Two Warriors» альбомының еуропалық нұсқасын жасауға кірісіп кетті. Жақын күндері жарық көріп қалатын бұл альбом алдымен - Германияда, кейіннен - басқа елдерде таныстырылады.
«iMusic Records» компаниясымен арадағы ынтымақтастық біз үшін өте маңызды сәт болып отыр, - дейді топтың продюссері Қыдырәлі Болман. - Себебі бұл тек Еуропаға және әлемге танылу емес, бұл, бірінші кезекте, біздің еліміздің беделін көтеру. Біз, адамдардың Қазақстанды танып білгенін қалаймыз, оның тек сайын дала мен биік таулар ғана емес, уақытпен ілесіп келе жатқан сапалы музыка, мәдениет екенін білсе дейміз».
Ағымдағы жылы қазақстандық топ өз шығармашылығының халықаралық шекарасын кеңейтіп, айтулы еуропалық шараларға қатысты. Шілденің 1-5-і аралығында Бухаресте өткен «B'ESTFEST» фестиваліне қатысқан ULYTAU, Carlos Santana, Manowar, Franz Ferdinand, Motorhead, Killers, Moby, Holyhell және басқа да танымал жұлдыздармен бір сахнада өнер көрсетті. Дәл сол жерде олар «металл музыкасының королі» атанып жүрген MANOWAR тобының көзіне түскен. Немістің «Magic Circle Festival» рок-фестивалін ұйымдастырушылардың бірі болып табылатын MANOWAR тобының жетекшісі Джои Демайо ULYTAU тобын концертке шақырады. Оның айтуынша, ULYTAU тобы - музыка әлеміндегі Қазақстанның лайықты елшісі.
ULYTAU алдағы жоспарларына келетін болсақ, олар «Two Warriors» альбомының еуропалық релизін дайындап жатыр, ал шілденің 24-інде MANOWAR тобымен бірге Мәскеуде өнер көрсетеді, сондай-ақ олар осынау ауыр музыка «монстрларымен» бірге әлемдік турнеге аттанбақ.