Әлемдік деңгейде елдерді әбігерге салған індет барша халықты бей жай қалдырмағаны анық. Осындай қиын кезеңде Ұлытау ауданының да билік өкілдері мен белсенд азаматтары бір-бірлеріне қолдау беріп, елдігімізді де көрсетіп жатыр. Қиналған шақта ақсақалдар ақылымен елге қорған болып, кәсіпкерлер жомарттығымен елге көмек көрсетіп, еріктілер қауымы күш жігерімен ауруға демеу, дәрігерге қолдау жасап, ақкөңіл ауыл халқы сырқаттарға күш қуат беретін табиғи таза өнімді дәрумен ретінде ұсынып жатыр.
«Ұлытау ауылында бұл індеттің одан әрі өршіп кетпеуін қамтамасыз ету мақсатында Ұлытау ауданы Терісаққан ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Сағат Ермағанбетов коронавируспен күрес бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының медиа-жоспарын құрды. Жоспарға сәйкес, ауылдың алқа билер төрағасы Әубәкір Абдрахманов, қоғамдық белсенді Адиша Магзумова, Терісаққан ауылының клуб меңгерушісі Бүркіт Есемсейтов ауыл тұрғындарына видео үндеулерін жолдады», - деп хабарлады Ұлытау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Терісаққан ауылдық округі әкімінің аппараты мамандары мен жергілікті учаскелік полиция және ауылдың фельшерлік бекетінің аға фельшері ауыл тұрғындарын аралап карантин режимін қатаң сақтауға, той жиындарына бармауға, адамдарды жинамауға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде ауыл ішіндегі 35 үйдің 270 тұрғынға түсіндіру парақшалар таратылды. Жалпы Ұлытау ауданы бойынша бастау алған акция ауданның 15 селолық округтерінде жалғасын табады. 4500 ауланың 12 000 халқы қамтамасыз етіледі.