Халық музыкасының фестивалі 13-ші шілдеде Ұлытаудың бөктерінде табиғаты әсем Болатсай мекенінде өтеді. Бұл күні мұнда Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапония және Қазақстанның музыканттары бас қосады. Қойылымдар 14.00-де басталады да, кешке дейін жалғасады. Бұл күні, сондай-ақ, фестивальге қатысушылардың шеруі өтеді. Соңында «Ұлытау» тобы өнер көрсетеді.
Фольклорлық ұжымдардың концерттері осы ауқымды шара үшін арнайы құрылған этноауылда өтеді. Оның аумағында сахна, киіз үйлер, ойын алаңдары, алтыбақан, сауда нүктелері, қолөнер шеберлерінің шатырлары, кішігірім әсем мүсіншелер орналастырылады. Этноауылдың кіреберісі үлкен қақпалармен безендіріледі.
14 шілдеде фестиваль Жезқазған қаласында жалғасады. Қатысушылар шеруі 15.00-де басталады, музыканттар Жезқазған қаласының басты көшелерінің бойымен жүреді.
Қойылымдар Кеңгір су қоймасының жағажайында өтеді. Көрермендер үшін фольклорлық ұжымдардың қатысуымен үлкен гала-концерт ұйымдастырылады.
Бұл күні көрермендер, сондай-ақ, классикалық музыка туындыларын тыңдай алады. Сахнаға Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Молдава, Италия, Австрияның 17 солисі шығып, өнер көрсетеді.