Umai 2023 – Жылдың үздік актерлері мен спектакльдері марапатталды

Фото: Фото: Адлет Беремкулов / Kazinform

«Астана Опера» сахнасында Қазақстан өнері саласындағы жыл қорытындысы жасалып, Umai 2023 ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Жалпы жүлде қоры 79 миллион теңгені құрайтын 29 мүсінше мен ақшалай сыйлық табыс етілді, деп хабарлайды Kazinform.

Umai ұлттық сыйлығын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өткен жылдан бері өнер саңлақтарына табыстап келеді.

Фото: Адлет Беремкулов / Kazinform

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елін әлемнің лайықты өркениетіне айналдыру мақсатын қойып келеді. Бүгінде мемлекеттің жасап жатқан барлық бастамасының түпкі нәтижесі осы мақсатқа жету. Umai сыйлығы – осындай талаптың жарқын көрінісі, оның өзегінде әдемі салтанат емес, ең алдымен еселеп кеткен еңбек, таудай талап, терең білім мен ойлы өнер тұр. Өйткені өнер адамы – қоғамның тәрбиешісі. Өнер мен мәдениетіміз қандай болса, қоғамның бет-бейнесі сондай болады. Бұл баршамызға ортақ елдің ертеңіне керек рухани саясат», - ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева марапат кешінің ашылуында.

Кеш бағдарламасы аясында көрермендер қызықты концерттік нөмірлерді тамашалады. «Астана Опера» солисі Сұлтанбек Ғұмар «Тұран» ансамблінің музыкасына «Қилы заман» биін ұсынды. Жас көрермендер музыкалық театрының әртістері Д.Исабековтың «Гауһартас» "музыкалық драмасының үзіндісін сахналады.

Фото: Адлет Беремкулов / Kazinform

«Астана Балет» ұжымы көрермендер назарына С. Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінің үзіндісін ұсынды. Маэстро Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен «Астана Опера» хоры мен оркестрі және солистері, «Серпер» домбырашылар ансамблі және өңірлік театр ұжымдары өнер көрсетті. Ринат Гайсин жазған UMAI ұлттық сыйлығының әнұраны да көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Фото: Адлет Беремкулов / Kazinform

Алайда, кештің маңызды сәті – беделді наградаларды табыстау рәсімі болды. Осылайша, «Театр өнері» номинациясында 8 жүлде табыс етілді:

«Үздік музыкалық-драмалық спектакль» аталымында Астана жас көрермендер музыкалық театрының «Гауһартас» музыкалық драмасы үздік деп танылды.

«Үздік спектакль» – М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Жаздың соңы» трагикомедиясы;

«Операдағы ер партиясын үздік орындаушы» – Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Дамир Сәдуақасов;

«Операдағы әйел партиясын үздік орындаушы» – Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко;

«Үздік ер адам рөлі» – М. Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының актері Бекжан Тұрыс;

«Үздік әйел рөлі» - Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы Алмахан Кенжебекова;

«Үздік режиссура» - Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театрының режиссері Дина Жұмабаева;

«Спектакльдің үздік көркемдік дизайны» - Н. Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрының суретшілері Владимир Пономарев, Александра Рычкова.

«Хореография өнері» номинациясы бойынша:

«Үздік би ұжымы» - ШҚО мәдениет басқармасының "Ертіс концерт" КМҚК «Алтай» халық би ансамблі;

«Заманауи хореографияның үздік спектаклі» - Түркістан музыкалық-драма театрының «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі;

«Балеттегі үздік орындаушы» (балет солисі) – «Астана Опера» театрының солисі Әйгерім Бекетаева;

«Балеттегі Үздік орындаушы» (балет солисі) – «Астана Опера» театрының солисі Бақтияр Адамжан;

«Үздік хореограф» - «Астана Балет» театрының хореографы Айгүл Тати;

«Үздік классикалық балет спектаклі» - «Астана Опера» театрының «Спартак» балеті.

«Музыкалық-орындаушылық өнер» номинациясында төрт жүлде табыс етілді:

«Үздік дәстүрлі орындаушы» (ән айту) – Р. Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымынан Асқар Мұқият;

«Үздік дәстүрлі орындаушы» (аспапшы) – Раушан Оразбаева, Р. Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы;

«Үздік музыкалық ансамбль» (классикалық) – «Қазақстан камераты» классикалық музыка ансамблі;

«Үздік музыкалық ансамбль» (халықтық) – "НАВА" халық аспаптар ансамблі, Қ. Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры.

«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» номинациясы бойынша:

«Үздік шебер-қолөнерші» (зергерлік өнер, металл өңдеу, аралас, эксперименттік техника) – Амангелді Мұқажанов;

«Үздік шебер-қолөнерші» (Ағаш өңдеу, көркем ою, керамика) – Атабек Бекболатов;

«Үздік шебер-қолөнерші» (киіз, тоқыма, тоқыма, былғары) – Мәлік Мұқанов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы.

«Үздік бейнелеу өнерінің туындысы» номинациясында:

«Үздік сурет шебері» – Дәуренбек Бекназаров, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы;

«Заманауи өнердегі үздік жоба» – Болатбек Бейісбеков, Бейісбековтар отбасының «Алтын Орда» көркем галереясы;

«Үздік графика шебері» – Батухан Баймен;

«Үздік мүсін шебері» – Әлібек Мергенов.

Сонымен бірге, «Астана Балет» театрының «Снежная королева» балеті «Үздік балалар спектаклі» атанса, Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ұр, тоқпақ!» ертегісі кіші формадағы «Үздік балалар спектаклі» деп танылды.

Сондай-ақ, тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелері «Жыл жаңалығы» ретінде «Астана Опера» театрының орындаушысы Бибігүл Жанұзақ пен «Астана Балет» театрының «Nine» хореографиялық миниатюрасын марапаттады.

Фото: Адлет Беремкулов / Kazinform
Фото: Адлет Беремкулов / Kazinform
Фото: Адлет Беремкулов / Kazinform