«UMAI» форумы: Елордада іскер әйелдер бас қосты

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «UMAI» кәсіпкер әйелдер қауымдастығының форумы өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген кәсіпкер әйелдер, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты. Форум аясында жергілікті брендтердің көрмесі мен жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Фото: «UMAI» кәсіпкер әйелдер қауымдастығы

Іс-шарада кәсіпкер әйелдер бизнесті дамыту, жеке бренд қалыптастыру, қаржылық дербестік және өмірдегі қиындықты еңсеру жайында пікір бөлісті. Форум спикерлері өз тәжірибесін айтып, табысқа жету жолындағы кедергілер мен оны еңсерудің тәсілдеріне тоқталды.

Форумның негізін қалаушы Жәмила Ерназарованың айтуынша, биылғы кездесудің басты тақырыбы — «Өмір стратегиясы». Оның сөзінше, көп әйел бар күшін салып еңбек еткенімен, қалаған нәтижеге жете алмай жатады.

— Кейде адам көп әрекет етеді, көп ізденеді. Бірақ оның бәрі күткен нәтижеге жеткізе бермейді. Себебі нақты бағыт болмайды. Сондықтан бұл форумда тек бизнес туралы емес, адамның өмірдегі мақсаты мен ұстанымын да талқылап жатырмыз, — деді ол.

Жәмилә Ерназарова форумның негізгі мақсаты — әйелдерге жаңа мүмкіндікке жол ашып, өзара тәжірибе алмасатын орта қалыптастыру екенін айтты.

— Қазір форум көп. Бірақ көбінің бағасы қымбат. Оған кез келген әйел қатыса алмайды. Сондықтан білім мен тәжірибе баршаға қолжетімді болғанын қаладық. Мұнда әйелдер бір-бірімен танысып, тәжірибе бөлісіп, өзіне қажет ортаны таба алады. Біз үшін әйелдің қай өңірден келгені немесе қандай қызмет атқаратыны маңызды емес, — деді форум ұйымдастырушысы.

Форумда сөз сөйлеген кәсіпкер Гүлбану Майғарина бизнестегі үлкен өзгерістер көбіне қиын кезеңнен басталатынын айтты.

— Адамды әрекетке көбіне жайлы өмір емес, қорқыныш пен қиындық итермелейді. Менің өмірімді өзгерткен де — кедейліктен қорқу болды. Егер сол кезең болмағанда, бәлкім бүгін алдарыңызда отырмас едім, — деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, кез келген өзгеріс адам өз өмірі үшін жауапкершілік алған сәттен басталады.

Фото: «UMAI» кәсіпкер әйелдер қауымдастығы

— Өміріңдегі жағдай үшін өзгелерді кінәлауды тоқтату керек. Қорқыныштан қашпау қажет. Қателессең, қайта бастайсың. Ең бастысы — тоқтап қалмау, — деді Гүлбану Майғарина.

Форумға қатысушылардың бірі Айгерім Болатова да өз өміріндегі қиын кезең туралы айтты. Ол 20 жасында жол апатына түсіп, кейін бірнеше жылын оңалтуға арнаған.

— Жол апатынан кейін үйде отырып «қалай табыс табамын?» деп көп ойландым. Содан кейін тоқуды үйрендім. Алғашында өзіме киім тоқитынмын. Кейін құрбыларым қызығып, сатып ала бастады. Сол кезде мұны кәсіпке айналдыруға болатынын түсіндім, — деді ол.

Фото: «UMAI» кәсіпкер әйелдер қауымдастығы

Оның сөзінше, үйде басталған шағын іс кейін жеке шеберханаға айналған.

— Алдымен бір тоқу машинасын алдық. Кейін екіншісін, үшіншісін сатып алдық. Бір уақытта үйде орын жетпей, жеке шеберхана аштық, — деді кәсіпкер.

Форум аясындағы жәрмеңкеде этностиль бағытындағы бұйымдар ұсынған кәсіпкерлер де болды. Солардың бірі — «Бауырсақ» бренді.

— Өзім модельер-конструктормын. Соңғы бір жылдан бері этностиль бағытындағы бұйымдар тігемін. Сөмке, тақия, жейде секілді ұлттық нақыштағы дүниелер жасаймын. Осындай форумдар өнімімізді көпшілікке таныстыруға мүмкіндік береді, — деді кәсіпкер Амина Смайылова.

Фото: «UMAI» кәсіпкер әйелдер қауымдастығы

Жәрмеңкеге қатысқан бес баланың анасы кәсіпкер Гүлмира Ахметова ұлттық нақыштағы қыш әшекейлерін таныстырды.

— Қазір қазақы нақыштағы дүниелерге сұраныс жоғары. Әсіресе қолдан жасалған әшекейлерге қызығушылық көп, — деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бір бұйымды жасауға шамамен 45 сағат уақыт кетеді.

Фото: «UMAI» кәсіпкер әйелдер қауымдастығы

— Әр бұйым бірнеше рет арнайы пешке күйдіріледі. Кейін бояуы мен әрлеу жұмыстары жасалады. Бұл — көп уақыт пен ұқыптылықты қажет ететін жұмыс, — деді Гүлмира.

Ол арнайы пешті Ресейден алдырғанын, ал үйіндегі бір бөлмені шағын шеберханаға айналдырғанын айтты.

— Бұл кәсіп оңай емес. Бірақ сүйіп істеген соң шаршағаныңды байқамайсың, — деді кәсіпкер.

Фото: «UMAI» кәсіпкер әйелдер қауымдастығы

 

Фото: «UMAI» кәсіпкер әйелдер қауымдастығы

2022 жылы құрылған «UMAI» қоры бүгінде отандық дизайнерлер мен кәсіпкер әйелдердің басын қосқан қауымдастыққа айналды. Үш жарым жыл ішінде ұйымның түрлі жобасына бес мыңға жуық әйел қатысқан.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігі 54%-ға жеткені хабарлаған еді.