«Ұмай» әйелдер ипотекасы тамыз айында қайта іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы биыл қайта іске қосылады. Өтінім қабылдау тамыз айында басталады. Бұл туралы «Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында мәлімдеді.

Фото: Kazinform/ Canva

 

– «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына қатысты жақсы жаңалығымыз бар. Бағдарламаны тамыз айында іске қосамыз. Алғашқы қаржы бөлінді, – деді Ләззат Ибрагимова.

Бағдарлама талаптарына сәйкес, қатысушылар бастапқы жарнаны «Отбасы банкіндегі» депозитте жинауы тиіс.

Ережеге сай ресми табысы бар және соңғы алты айда міндетті зейнетақы жарналары тұрақты аударылып келген әйелдер өтінім бере алады.

Бұған дейін жарияланған талаптарға сәйкес, алғашқы жарна – ірі қалаларда 20%-дан, өңірлерде 15%-дан басталады.

Сондай-ақ бағдарлама аясында 25 жылға дейінгі мерзімге 50 млн теңгеге дейін ипотекалық несие беру қарастырылған.

Еске салайық, «Ұмай» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылып, 2023 жылға дейін жұмыс істеді. Кейін оны қаржыландыру уақытша тоқтатылды. Бағдарлама Азия даму банкінің (АДБ) қолдауымен жүзеге асырылады.

Бастапқыда жобаны 2025 жылдың басында жаңартылған талаптармен қайта іске қосу жоспарланған еді. Алайда бағдарламаның іске қосылу мерзімі кейінге шегерілді.

Айта кетейік, баспананы бастапқы (жаңа үй) және екінші нарықтан алуға болады.