«Ұмай» бағдарламасы іске қосылды: биыл қандай талаптар қойылады

АСТАНА. KAZINFORM – Әйелдерге баспана алуға мүмкіндік беретін «Ұмай» бағдарламасы бүгін іске қосылды. «Отбасы банк» өтінімдерді 31 тамыздан бастап қабылдай бастады. Биылғы бағдарламаның мүмкіндіктері мен талаптары жайлы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында «Отбасы банктің» ресми өкілі Назерке Ғалым айтып берді.

Фото: видеодан скрин

Биыл бағдарлама аясында Алматы мен Астанада бастапқы жарна 20%, ал басқа өңірлерде 15% болады. Несие 50 млн теңгеге дейін 25 жылға беріледі.

Фото: видеодан алынған скрин

«Отбасы банктің» ресми өкілі Назерке Ғалымның айтуынша, биыл бағдарламаның негізгі талаптары өзгермеген.

Оның айтуынша, «Ұмай» бағдарламасының басты ерекшеліктерінің бірі – қатысушы әйелдің атында баспананың бар-жоғына шектеу қойылмайды. Жеке меншігінде үйі бар әйелдер де бағдарламаға қатысып, екінші немесе үшінші баспанасын сатып ала алады.

– Бірінші талап – азамат жұмыс істеуі керек. Соңғы алты айдағы төлем қабілетін растау үшін өзінің тұрақты табысы болуы қажет. Балаларының бар-жоғына қарамаймыз. Егер тұрмыста болса, ерлі-зайыптылардың жалпы табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы керек. Ал тұрмысқа шықпаған жағдайда бұл сома тек өзінің табысына есептеледі, – деді Назерке Ғалым.

Сонымен қатар бағдарлама бойынша сатып алынатын баспана 2016 жылдан кейін салынған болуы керек, яғни ескі үйлерді сатып алуға рұқсат етілмейді.

Биыл бастапқы жарна мөлшері өңірге қарай белгіленген. Астана мен Алматы тұрғындары үшін ол 20%, ал басқа өңірлер үшін 15% болады.

– Өңірлер үшін 15% деген талапты жалақы деңгейіне байланысты енгіздік. Үлкен қалалармен салыстырғанда өңірлерге осындай жеңілдік болсын деген ниет болды. Ал Астана мен Алматы қалаларында бастапқы жарна 20% болып қалды. Тағы бір айта кетерлігі, бастапқы жарна бірден сатушының қолына беріледі. Қалған қаражатты «Отбасы банкінен» рәсімдейді, – деді банк өкілі.

Назерке Ғалым әлеуметтік желілерде бастапқы жарнаға қатысты сұрақтардың көп қойылып жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, «Отбасы банкте» бұрыннан депозит ашып, қаражат жинаған азаматтардың бұл бағдарламада артықшылығы бар. Банк өкілінің түсіндіруінше, ипотеканы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы рәсімдеу кезінде пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бар. Сондықтан депозитте бұрыннан қаражаты бар азаматтардың бағдарламаны пайдалануда тиімділігі жоғары болады.

– Егер сіз бұрыннан бастап жинап жүрген болсаңыз, бұл сізге тек көмегін тигізеді. Ипотеканы рәсімдеген кезде құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүргендіктен, сіздің ипотекаңыздың пайыздық мөлшерлемесі азаяды, – деді Назерке Ғалым.

Қазіргі таңда бағдарламаға 90 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Оның айтуынша, кейін бұл қаражат көлемі ұлғайтылуы мүмкін.

Ал депозитте қаражаты жоқ және бағдарламаға алдын ала дайындықсыз қатысатын азаматтар үшін несие мөлшерлемесі 14,8% болады. Егер ипотека сомасы 50 млн теңгеден асса, артық қаражатты сатып алушының өзі төлеуі керек. Бұл туралы тараптар нотариус арқылы келісім жасайды.

Өтінім беру үшін азаматтарға бірнеше мүмкіндік ұсынылып отыр. Атап айтқанда, «Отбасы банктің» бөлімшелеріне барып өтінім беруге, бейнеқоңырау арқылы менеджерден онлайн кеңес алуға немесе «Баспана маркет» қосымшасы мен сайты арқылы жеке кабинеттен өтінім беруге болады.

Банк өкілінің айтуынша, баспаналарды «Баспана маркет» порталында алдын ала орналастыру жоспарланып отыр.

– Бұл бізде бұрыннан келе жатқан тәжірибе. Бағдарлама басталған кезде үйлердің бағасы шарықтап кетпеуі үшін баспаналарды порталға алдын ала орналастырамыз. Мысалы құрылыс компаниясы үйдің бағасын 50 млн теңге деп көрсетсе, бағдарлама басталған кезде оның бағасын өздігінен көтере алмайды, сайттағы бағамен қалады. Егер құрылыс компаниясы үйді сайттан алып тастауды сұраса, біз ол нысан бойынша ипотека рәсімдей алмаймыз. «Ұмай» бағдарламасында да осы шартты қолданғымыз келеді, – деді Назерке Ғалым.

Айта кетейік, бұған дейін, ипотека рәсімдейтін әйел салымшылар ерлерден көп екендігін жазған едік.