Үмбетей Тілеуұлы

Фото: None
Үмбетей Тілеуұлы (1697-1786) – жыраулық поэзияның көрнекті өкілі. Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау өңірінде дүниеге келген. Үмбетей Тілеуұлы Бөгенбай батырдың үзеңгілес жауынгер серігі бола жүріп, халық арасына жыршы ретінде танылды.
Ол қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы ерлік күресінің қызу ортасында болып, тарихи оқиғаларды жырлады. Жырау шығармаларының тарихи және әдеби көркемдік дәрежесі оның қанжығалы Бөгенбай батырды жоқтауы мен батырдың дүниеден өткенін Абылайға естірту жырларынан айқын көрінеді. Мұның алғашқысында жоңғарларға қарсы күресте асқан ерлігімен көзге түскен халық батыры Бөгенбайды дәріптесе, соңғысында Абылай ханның күші батырмен, елмен бірлікте екенін ескертеді. Үмбетейдің Бұқар жырау өмірін суреттейтін толғауы да тарихи деректерге толы, көркемдігі жоғары, аса құнды шығарма. Жыраудың әлеуметтік әділдік, адамгершілік мәселелерін арқау еткен «Бәкеге», «Жауқашарға», «Бұқарға», «Бекболат биге» жырлары, «Жантай батыр» дастаны, тағы да басқа шығармалары бар. Оның өз ағалары Бөке мен Жауғашардың елге жат мінез-құлықтарын әшкерелейтін жырларында сыншылдық сарын басым. Жырау шығармаларының негізгі тақырыбы ? ел қорғау, жер қорғау күресі, халық ынтымағы, береке-бірлігі. Ол ? халық мүддесін жырлады. Халық мүддесіне жат мінез-құлықты, хан-сұлтанның бет-жүзіне қарамай әшкерелеп айтатын, әділ, адал, турашыл ақын болды. Үмбетейдің бірқатар өлеңдері «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарияланды. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том «Тарихи тұлғалар» кітабы