Үміт, күдік және тәубе додасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Рио Олимпиадасы мәреге жетті. Бір жағынан ішкі тартыстары тұсап, бір жағынан төртжылдықтың басты додасын жақсы өткізуге барын салып, қарама-қайшылыққа толы Бразилия Олимпиаданы жақсы шығарып салды, Рио Олимпиадасы, ең алдымен, шынында да, достық додасы бола алды. Әрине, ішінара бұра тартулар, қателіктер, күтпеген сәтсіздіктер болмай қалған жоқ. Бірақ, онсыз жарыс өтуші ме еді?

Әуелгі қадам - қорқыныш

 

Қазақстан құрамасы Риоға жол тарт­пай тұрып-ақ бір-екі алтын жүл­деден қа­ғылды. Көктемнің соңына қарай Ильин бас­таған 4 зіл­темірші чемпионның до­пинг дауы бой көтерді де, Олимпиада қар­саңына дейін нақты түйіні айтылған жоқ. Маусым айының соңында Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Свет­лана Подобедовалардың Риоға жол тарт­пайтыны анық белгілі болды. Төр­теуі­нің де Лондон Олим­пиа­дасы бары­сын­да тапсырған қан­дарынан допинг ізі шы­ғыпты-мыс. Кейінірек, тіпті Ильиннің Бей­жің­дегі сынамасы да оң нәтиже бер­ге­ні айтылды. Бүкіләлемдік ауыр ат­летика фе­дерациясы допинг дауы­на «жүйелі түр­де» іліккен Бол­гария құрамасын әу баста айыптап тас­таған еді, артынша мұндай кеп­ке Ресей де тап болды. Біздің де «бір аяғы­мыз - көрде, бір аяғымыз - жерде» бі­раз ілініп тұрып, 27 шіл­деде шешім нақ­ты шықты. Жеңіп алған 10 жолда­ма­мыз­дың екеуін қайтарып беріп, Риоға 8 үмі­ті­мізді аттандырып салдық. Оның үшеуі (Рахимов, Жапарқұл және Зайчиков) жүл­деден нақты үміткерлер болса, қалған бесеуі кешегі ізбасарлар немесе екінші-үшінші нөмірлі зілтеміршілер еді. Сон­дықтан, олардың Лондон­да­ғыдай қоржынымызға алтыннан соң алтын салмасын жақсы біліп тұр­дық, күдік сөйтіп бой көтерді.

Бас­қа спорт түрлерінен мықты­лары­мыздың ешқайсысы Рио додасынан шет қалған жоқ. Содан кейін ғана алақа­ны­мыз­ды ысқылап тұрып, 16 күн бойы біз де жан­күйер­ліктің көрігін қыздырдық.

 

Нақты деректер сөйлесін

1.Бұрынғы мықты - сол мықты. Рио Олимпиадасы Қазақстанның бокс, ауыр атлетика, күрес сияқты спорт түрлерінен, яғни бұрыннан медаль әкелетін спорт түрлерінен мықты екенін нықтап берді. Әрине, күреске қатысты алғанда, бұл сөзімізге дау айтуға да болады. Бірақ, әйелдер күресінен 1 күміс, 2 қола, 1 бесінші орын алу - өте жоғары көрсеткіш. Бокс дәстүрлі түрде Қазақстанға алтын сыйлады, дәстүрлі түрде үздік төрттікке енді. Ауыр атлеттер құрамының ортайып қалғанына қарамастан, алтынды да, күмісті де, қоланы да топырлатты. Демек, алдағы уақытта да осы спорт түрлеріне мем­лекеттік дәрежеде зор қолдау көрсете берсек ұтылмаймыз. Тіпті, осылардың қатарына дзюдоны да қоса дамытсақ, қоржынымыз орта болмайтын сияқты. Бұған дейінгі 5 Олимпиадада дзюдошылар жалғыз күміс (А.Житкеев, Бейжің-2008) иеленсе, бұл жолы Е.Сметов - күміс, О.Галбадрах қола жеңіп алды. «Алтын шыққан жерді белден қаз» - ата-баба­ларымыздың осы ұстанымы олимпиялық спорт түрлеріне келгенде қапысыз сияқты.


 

2. Жеңіл атле­тиканың жолы неге ауыр?

Өкініш­ке қарай, 47 алтын жүл­де тарататын жеңіл атлетикадан Риода жалғыз қоламен қайт­тық. Оған да шүкір! Үш секіруші Ольга Рыпакова алға Катерина Ибарген мен Юлимар Рохасты ғана салып, өзі қатысқан үшінші олим­пиадада екінші жүлдеге - қолаға қол жеткізді. Бұл, сөз жоқ, Ольганың өте жоғары деңгейлі спортшы екенін көрсетеді. Ольга әуелде 14,73 метр нәтижемен көш бастап тұрған еді, алайда қос қарсыласы кейінгі мүмкіндіктерін сәтті орындап, асып түсті. Біз Ольганың қоласын еш олқысынбаймыз, қайта өте жоғары бағалаймыз. 
Жеңіл атлеттеріміз 20 жылда 2 алтын (Шишигина, Рыпакова), 2 қола (Карпов, Рыпакова) иеленді. Бұл тым аз көрсеткіш. Өкінішке қарай, кезінде қысқа қашықтықтарда КСРО құра­масындағы 4 үздіктің екеуі қазақ болса, осы күні сол Қосанов пен Тұяқовтың ту ұстар бір ізбасарын қазақ даласы дүниеге әкеле алмай жатыр. Неге? Рио олимпиадасында Ольга Рыпаковадан басқа 20 жеңіл атлет сынға түсті. Марафон мен спорттық жүрісте бірден финал өтеді, сондықтан оған қатысқан 4-5 спортшыны есепке алмай-ақ қояйық. Басқа 14-15 спортшымыз өз бағдарламаларында тым құрыса жар­тылай финалға да шыға алмады. Әрине, айтуға оңай болар. Бірақ, олим­пия­лық жеңіс дәстүрі бар, барлық ли­галар мен жоғары деңгейлі жа­рыс­тарға тұрақты түрде қатысатын жеңіл атлеттеріміз өз өміріндегі басты сында 25, 35, 45, 55 орындар алып жатса, көңіліміз қалай көншімек? Әр олимпиада сайын осы. Әрине, оларға Болттың алдына түсіп алақайлап жүгіріп кел демейміз, бірақ тарих жылнамасы үшін де кем дегенде жартылай финалда төбе көрсетуге болады ғой.

3. Баландин - басты сенсация. Әр Олимпиада сайын Қазақстан қоржынына күтпеген алтын түсетін дәстүр биыл да жалғасты. 200 метрге брасс әдісімен жүзу бағдарламасында алматылық Дмитрий Баландин оза шауып, Олимпиада чемпионы атанды. Бұл жеңіске басқаны қойып, әуелгі сәтте Балан­диннің өзі сенген жоқ. Таблоға ойлана қарап тұрды да, біраздан кейін барып қана суды екі ала­қанымен алға шашып жі­берді. Иә, Ватанабе сияқ­ты мықты жар­тылай финалда рекорд жаңартып, жұрт құлағын елеңдетіп қойғанда, күтпеген жерден озу, жеңіске жету керемет сенсация емес пе? Оның үстіне, Баландин финалда 8-жолақта жүзді. Бұл жолақтың басты кемшілігі - айналаңдағылар қалай жүзіп келе жатқанын мүлде бағдарлай алмайсың. Яғни өзіңмен-өзің жарысасың. Демек, біздің чемпион ерлікке парапар жеңіске жетті. 
Бұл нені аңғартады? Қазақстан сияқты жүзу спортында олимпиададан ешбір жүлде алып көрмеген ел алтыннан алқа тағынып жатса, демек, мүмкіндігі, әлеуеті зор болғаны ғой. Енді, Баландиннің жеңісі әншейін уақытша дүрмекке емес, үлгіге айналуға тиіс. Су жағалаған кез келген бала шындап берілсе, әлемнің басты спорттық додасында топ жаруға болады. Мысал көз алдымызда.

Атлантада - Парыгин, Сиднейде - Саттарханов, Афинада - Артаев, Бейжіңде - Сәрсекбаев, Лондонда - Винокуров, Рио де Жанейрода - Баландин! Бұл азаматтардың ешбірі Олимпиадаларға фаворит ретінде аттанбаған болатын, бірақ ел намысы үшін «айды аспанға бір-ақ шығарды». Токиода жұмбақ жүйрігіміз кім болар екен? Спорт осындай қызығымен ғажап. Күтіп жүресің, сөйтіп, өмірің жағымды эмоцияларға толы болады.

 

4. Алтыннан айнымаған боксым-ай! Атланта олимпиадасынан бері жалғасып келе жатқан және бір тамаша дәстүріміз бар. Біздің боксшылар тәуелсіздік дәуірінде өздері қатысқан барлық Олимпиададан алтын жүлде арқалап келеді. Рио бұл жолы Данияр Елеусіновті алтынмен аптап қайтарды. Сөйтіп, Жиров, Саттарханов, Ыбырайымов, Артаев, Сәрсекбаев, Сәпиевтің жеңіс жолы Риода да жалғасты. Ең қызығы, осымен төртінші олимпиадада қазақ боксшылары 69 келінің бас жүлдесін иеленіп отыр. Бұл да керемет дәстүр.

Ал, Әділбек Ниязымбетов қатарынан екі олимпиаданың күміс жүлдесін иеленіп, Болат Жұмаділовтің Атланта және Сидней олимпиадаларындағы табысын қайталады. Иван Дычко екі олимпиадада қола иеленген тарихтағы бірінші боксшымыз болып тұр.

Дариға Шәкімова 75 келі салмақта қатарынан екінші олимпиадада қа­зақстандық боксшы қыздардың қоладан үлесі бар екенін Рио рингінде дәлелдеді. Ал, Василий Левит өз өнерімен барша жұртты тәнті етті. Бұған дейін бір рет қана Азия чемпионатында топ жарып, «Астана ар­ландары» командасының сапында білігін танытқан қостанайлық шебер өз несібесі Ко­пакабана жағажайында көмулі жатқанын дәлелдеді. Әттең, төрешілер бұра тартпағанда Левит те қоржынымызға күтпеген алтын салып, төбемізді көкке жеткізер еді. Дегенмен, оның күміс біз үшін алтыннан бағалы. Финалда Левит ресейлік Тищенконы қалауынша ұрды, тіпті жекпе-жек соңын­дағы статис­тика­лық деректердің бәрі біздің пайдаға сөйледі. Алайда, шешім қабыл­данды, енді ол өзгермейді. Левит алға басады, біз сенеміз.

5. Батыр қыздардың бәсекесі. Бұған дейінгі 5 олимпиадада қазақ қыздары ешқашан жүлдеге қол жеткізбеген-ді. Рио жомарт екен! Үш бірдей аймаңдай аруымызды тұғырға көтеріп, мерейімізді асқақтатты. Тыңға түренді зілтемірші Жазира Жапарқұл салды. 69 келіде сынға түскен Арыстың аруы алға басты фаворит қытайды ғана жіберіп, күмістен алқа тағын­ды. Әттең дейміз, Жазира серпе көтерудегі алғашқы мүмкіндігін дұрыс пай­даланғанда, сөз жоқ, алтынға да қол созар еді. Дегенмен, күміс те жарасып тұр. Ақжолтай Жазира балуан Эльмира Сыздықова мен боксшы Дариға Шәкімоваға жол ашты. Сыздықова жұбаныш белдесуін керемет өткізіп, қола жүлде үшін айқаста мысырлық қызға мүмкіндік қалдырмады. Ал, Шәкімова адуынды Шилдспен тең қырқысты. Қыздарымыздың еншісінде күміс пен қола бар, 4 жылдан кейінгі Токио додасында бізге алтын керек!

6.Балуандар жігіттердің бағы қайда? Отандық балуан жігіттер тұңғыш рет Олимпиададан бос қайтты. Әр Олимпиадада қоржынымызда балуандардың кемі бір қоласы сылдыр қағып тұратын еді, биыл бақыр да жоқ. Грек-рим күресінен Тыналиев пен Кәртіков ширек финалға жетпей сүрінді, Кебісбаев жұбаныш белдесуінің екіншісінде ұтылды. Еркін күрестен Ғалымжан Өсербаев жартылай финалға шығып қуантып еді, бірақ шешуші белдесулерде екі қарсыласына да есе жіберіп, жүлдесіз қалды. Аслан Кахидзе мен Дәулет Шабанбай Беларусь атынан сынға түскен Қап тауының «қасқырларына» бірден жол ашты. Мәмет Ибрагимов алғашқы қарсыласын таза ұтып, артынша өзі жеңілді. Нұрислам Санаев та жарыс жолынан дереу шығып қалды. Осы 8 жігіттің көрсеткіші әйелдер құрамасындағы 4 қыздың жетістігін тіпті маңайлай да алмайды. Гүзел Манюрова күміс алды. 38 жастағы ардагердің жартылай финалдағы жеңісін біздің жігіттерге әліппе деп көр­сетуге тұрарлықтай. Екатерина Родионова қола үшін күресте америкалық әлем чемпионын өте тәуекелді әдіске тастап, таза ұтты. Эльмира Сыздықованың жеңісін жоғарыда айтып өттік. Ең көрсеткіші нашар деген Жұлдыз Ешімованың өзі қола жүлде үшін белдесуде ғана жеңіліп, 5 орын алды. Сонда Қажымұқанның, Балуан Шолақ­тың бағы қыздарымызға ауысқаны ма?

Медаль көп, көңіл тоқ

Қазақстан құрамасы Рио олим­пиадасында 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) иеленді. Бұл осыған дейін қатысқан 5 олимпиададағы көрсет­кіштерден жоғары.

1996 жыл. Атланта. 3 алтын, 4 күміс,  4 қола. Барлығы - 11

2000 жыл. Сидней. 3, 4, 0 = 7

2004 жыл. Афина. 1, 4, 3 = 8

2008 жыл. Бейжің. 2, 4, 7 = 13

2012 жыл. Лондон. 7, 1, 5 = 13

2016 жыл. Рио де Жанейро. 3, 5, 9 = 17

Бейжің және Лондон олим­пиада­ларындағы көрсет­кішіміз(13 медаль) ең жоғарғысы еді,  Рио ол көр­сет­кіштен 4 медаль артық сыйлады.

Рио олим­­пиа­дасында отан­дас­тарымыз күміс және қола медальдардан ре­корд жасады.

Биыл олар 5 күміс, 9 қола иеленді. Бұған дейін ең көп күмісіміз - 4 (Сидней, Афина, Бейжің), ең көп қоламыз 7 (Бейжің) болған-ды.

Қазақстандықтар осымен 3 олим­пиадада алтын жүлдені үш-үштен иеленіп отыр.

Бұрын Атланта мен Сиднейде осындай көрсеткішке қол жеткізген болатынбыз.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құ­рамасы 22 орын алды. 46 алтын, 37 кү­міс, 38 қола, жиыны 121 медаль жеңіп алған АҚШ құрамасы бірінші болды. Ұлыбритания Лондондағы көр­сет­кішінен де асып түсіп, екінші үздік құрама (27, 23, 17 =  67) болып танылды. Ал, 1996 жылдан бергі ең төмен нәтижесін көрсеткен Қытай спорт­шылары  26 алтын, 18 күміс, 26 қола, барлығы 70 жүлдемен үздік үштікті түйіндеді. 
Рио Олимпиадасында барлығы 87 елдің спортшылары жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл да өзіндік рекорд. Бразилия жерінде Сингапур, Фиджи, Косово, Вьетнам, Тәжікстан сияқты елдердің тарихындағы тұңғыш олимпиада чемпиондары бой көрсетті.

 

Футболдан Бразилия құрамасы тұңғыш рет Олим­пиада алтынын иеленді. «Мен осы күнді көруді қатты армандап едім, соған жеттім» деді даңқты Пеле.

Жүзгіш Майкл Фелпс (АҚШ) Риода өзінің 23 олимпиялық алтынына қол жеткізіп қана қоймай, биылғы Олимпиаданың ең жеңісі көп спортшысы атанды. Ол 5 алтын, 1 күміс жеңіп алды. Әйелдер арасында оның отандасы Кетлин Ледеки мықты боп танылды. Ледеки еншісінде 4 алтын және 1 күміс жүлде бар. 

Бокстан В.Баркер кубогын тұңғыш рет Өзбекстан өкілі иеленді. Мәртебелі кубок 49 келіде топ жарған Хасанбай Досматовқа берілді.
Ал, 5000 метрге жүгіруде бірін-бірі қағып кетіп, артынша мәреге қол ұстасып қатар жеткен Никки Хамблин (Жаңа Зеландия)  мен Эбби д'Агостиноға (АҚШ) Пьер де Кубертен медалі табыс етілді. Бұл медаль спортшыларға Олимпиадаларда аса жоғары деңгейдегі спорттық рухты паш еткені үшін беріледі. 

 

Есей Жеңісұлы,
Айқын газеті.