ОРАЛ. 26 мамыр. ҚазАқпарат - 25 мамыр күні Теректі ауданы «Үміт» тілдер гимназиясында да соңғы қоңырау салтанаты ұстаздар мен оқушыларға, ата-аналарға ерекше қуаныш сыйлады.
Гимназия ұжымын кезекті оқу жылының аяқталуымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, түлектерге үлкен табыстар тіледі.
Аталмыш мектеп - жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген білім ордаларының бірі.
Гимназия директоры Дариға Мұштанованың айтуынша, 2001 жылы осы мектеп ашылғаннан бері оны 206 түлек бітіріп шықты. Соның 15-і «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, елдің алдыңғы қатарлы жастарының қатарынан табылды. 53 түлек «Алтын белгіні» иеленсе, 43-і ерекше аттестат иесі атанды. Соның ішінде үшеуі ҰБТ-да ең жоғары балл жинады.
Биыл да гимназиядан 24 шәкірт түлеп ұшпақ. Соның төртеуінің ғана «төрттік» бағалары бар. Қалғандары - «Алтын белгі» мен ерекше аттестатқа үміткерлер. «ҰБТ шәкірттер мен ұстаздардың жыл бойғы дайындығының қаншалықты деңгейде екендігін көрсетеді. Биыл да гимназия жоғары балл жинаудан үмітті», деді Д.Мұштанова.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).