Үміткер-кәсіпорындар Индустриялық аймаққа енулері үшін экологиялық нормаларға сәйкес болулары тиіс - А. Есімов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Үміткер-кәсіпорындар Индустриялық аймаққа енулері үшін экологиялық нормаларға сәйкес болулары тиіс.

Бұл туралы бүгін Алматы қаласында Алатау ауданындағы Индустриялық аймаққа енуге үміткер инвестициялық жобаларды іріктеу бойынша өткен кеңесте Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мәлімдеді.

Қала әкімінің төрағалығымен болған отырыста құрылыс, тамақ өнеркәсібі және машинажасау саласындағы бірқатар жобалар қаралды.

Қала басшысы компаниялардан келіп түсіп жатқан өтінімдерді қарау барысында мұқият экологиялық сараптамалар жасалу керектігін ерекше атап өтті. Әкімнің сөзіне қарағанда, экспорттық бағыт пен импортты алмастыру ұстанымы - қала тұрғындарының экологиялық саулығынан басым түспеуі тиіс.

«Қазір, бізде Индустриялық аймақтан орын алғысы келетін кәсіпорындар саны көп. Көпшілігінің қаржылары жетерлік. Бірақ біз сонымен қатар әрбір жобаның экологияға белгілі бір салмақ түсіретіндігін жақсы түсінуіміз керек. Қандай кәсіпорын болмасын, экономикалық жағынан қанша жерден пайдалы болса да, біз оны қоршаған ортаға тигізетін әсері тұрғысынан бағалайтын боламыз», - деді Ахметжан Есімов.

Одан басқа, қала басшысы Алматының орталығындағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың сол Индустриялық аймаққа көшірілуінің маңыздылығын атап өтті. Бұл бір жағынан қала орталығындағы көліктер санын біршама азайтса, екінші жағынан экологиялық ахуалға оң әсер етеді.

Сондай-ақ, қала әкімі жұмыс тобына Индустриялық аймақта бөлінетін жер телімдерінің көлемін мұқият сараптап, жобалардың жүзеге асуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

«Әрбір жер телімі барынша тиімді нәтиже беруі тиіс, - деді қала әкімі Ахметжан Есімов. - Біз бұл жобалардың жүзеге асуын мұқият қадағалайтын боламыз. Барлық жобалардың жүзеге асуына нақты мерзімдер тағайындалады. Ол сақталуы тиіс. Егер де жобаларды жүзеге асыру тым ұзаққа созылып кететін болса, жер телімдері қайта алынып, басқа жобаларға берілетін болады. Бұл ереже тиісті құжаттарда көрсетілуі керек».

Жиын соңында жалпы сомасы 35 682,7 млн. теңгеге 5 жоба мақұлданды. Алдын ала болжамдар бойынша, бұл - 1,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.