«Үміткерлердің рейтингісі қандай?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 11 наурыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Кеше түстен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Елбасыға өңірдегі өркенді істер көрсетілді» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Мемлекет басшысы оңтүстік өңірде Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы құс фабрикасында бо­­лып, кәсіпорын жұмысымен және облыстың үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарламасымен, сонымен қатар жаңа перинаталдық орталықтың жұмыс барысымен жете танысып, олардың қызметкерлерімен тілдесті.

Еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай «Егемен Қазақстан» газетінде Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің бюро мүшесі Нұртай Сабильяновтың «Тәуелсіздік бізге бәрінен де қымбат» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды. Онда желтоқсан оқиғасынан бастап осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерімізге шолу жасалған. «Тәуелсіздікке жету жолы қан­шалықты ауыр болса, тәуел­сіздік­пен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені анық. Жас ұр­пақ тәуелсіздіктің тағы­лым­дарын танып, қастерлеп, құр­мет­теп отыруы керек. Тәуелсіздік бізге бәрінен де қым­бат. Сон­дықтан да бәріміз еліміз үшін ең­бектенуіміз, халқы­мыз үшін қыз­мет істеуіміз керек», - деп ой айтады мақаласында автор.

***

Сайлау - саясаткерлер мен саяси ұйымдардың шынайы рейтингтерін анықтап, халық арасында қаншалықты қолдауға ие екендігін айқындайтын барометр. Қазірдің өзінде саясаттанушылар алдағы кезектен тыс президент сайлауы кезінде үміткерлердің қанша дауыс жинап, саяси рейтингтерін қандай жолмен көтеретіндіктерін болжауда. Ал сол болжамдармен жете танысқыңыз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Үміткерлердің рейтингісі қандай?» деген мақалаға көз жүгіртіңіз. Мәселен, басылымның атап өтуінше, тұрғындардың мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарына деген сенім рейтингісі бойынша Қазақстан халқының төрттен үш бөлігі Президентке қандайда бір деңгейде қолдау білдіреді екен.

«Айқын» газетінің жазуынша, тап қазіргі уақытта Қазақстандағы қуат көзінің тапшылығы 70-75 мВт шамасында екен. Еліміздің оңтүстік өңірі, оның ішінде басты мегаполисіміз Алматының өзі электр қуаты жағынан күні бүгінге дейін қырғыз еліне тәуелді болып отыр. «Бізді бұл тығырықтан шығаратын қазір құрылысы қарқынды жүргізіліп, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында, нақты айтар болсақ, үстіміздегі жылдың 11 желтоқсан күні 11 сағат 00 минутта іске қосылуы жоспарланып отырған Мойнақ су электр стансасы», - дейді басылым. Мақала газеттің жұма күнгі нөмірінде «Мойнақ» мүмкіндікті арттыра түсері анық» деген тақырыппен басылған.

***

«Қолданыстағы 1 мың 15 рұқсат беру құжатының 331 қысқарады. Сөйтіп, кәсіпкерліктің қарыштауына тұсау болатын әкімшілік кедергінің бір парасы тағы сылынады. Кеше Парламент Сенатында осы мәселені қамтитын заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, лицензиялау қызметтерінің 20 түрі, сертификаттаудың 20 түрінің 5-еуі жойылады. Аккредиттеудің 8 түрінің 2-еуі кетіп, 6-ауы қалады. Ал рұқсат берудің 131 түрінің 44-і қысқарады. Қолданыстағы 184 келісудің 134-і қысқарып, өзге де 48 құжат қысқарады. Бұл жайында газеттегі «Рұқсат беру құжаттары 30 пайызға қысқарады» деген мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

«Биылғы ылғал көңілді тоғайтады». «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде осы тақырыппен жарияланған мақала Үкіметтің кешегі селекторлық отырысына арналған. Көктемгі егістік науқанына арналған алқалы жиында сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаевтың айтуынша, биыл республика бойынша жалпы егістік алқап 21,3 млн. гектарды құрайды. Оның 16,5 млн. гектары - дәнді, 1,7 млн. гектары - майлы дақылдар. Бұл ретте дәнді жемдік және дәнді бұршақты дақылдардың егістік алқабы 94 мың гектарға артпақ.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Президенттік сайлауды жазып, көрсету үшін еліміздің Сыртқы істер министрлігіне 100-ден астам шетелдік БАҚ тіркелген. Оның ішінде 70 шетелдік журналист аккредитация алып үлгерген. Олардың қатарында Первый канал (Ресей), AFP - (Франция), «Асахи» (Япония), сондай-ақ бұдан да басқа бірқатар елдердің телеарналары бар. Басылымның нақтылай түсуінше, бірқатар шетелдік БАҚ-тың Қазақстанда меншікті тілшілері де қоныстанған. Шетелдік тілшілер еліміздің өңірлерінде де жұмыс істемек. Ал Президенттік сайлауға 2-3 күн қалғанда олар Астанаға жиналады.