Умраға биыл 100 мың адам барады

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Умраға биыл 100 мың адам барады, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің ресми сайты.

«Arab news» агенттігінің хабарлауынша, қажылық сапарға берілген рұқсатнаманың 15 рамазанға (24 шілдеге дейін) ұзартылуына байланысты Сауд Арабияға тағы 100 мың адам келеді деп күтілуде.

Қажылық пен умраның экономикасына жауап беретін шейх Ахмад Бафаких ол туралы былай дейді: «Сауд Арабияға қажылыққа келіп-кетіп жатқан адамдардың санын нақтылап, босаған орындарға қосымша рұқсатнама уақытының ұзартылуы мен берілуі жайлы саудиялық үкімет дұрыс шешім қабылдады» делінген хабарламада.

«Қажылық-умрамен айналысатын басқа бірлестіктер бұл шешімге сыни көзбен қарады. Олар умрада жүрген адамдарға тағы 100 мың адам келіп қосылса, небір қиыншылықтардың болып қалуынан қауіптеніп отыр», - деді Бафаких. Алайда, қажылық министрлігі өз мәлімдемесінде: «Қосымша рұқсатнамалар адам санын тексергеннен кейін берілді. 100 мың адам келгенге дейін, сол уақытта орындар босап қалады», - деп сендірді.

Рұқсатнаманың көптеп берілуі Сауд Арабия бюджетіне кірістің көбеюіне әкеледі. Умра мезгілінің басталуымен Саудия бюджетіне 17 млрд. саудиялық риал (1 доллар - 3,75 саудиялық риал) келіп түсті. Қажылыққа келген әр адам орташа есеппен алғанда, 3500 саудиялық риал жұмсайды екен. Бұл ақша дүкен мен экскурсияны санамағанда жолға, көлікке, қонақүйге, тамаққа кетеді.

Өз кезегінде, Қажылық министрлігі қажылық кезіндегі жағдайды қадағалайтынын хабарлады. Егер де туристік операторлар тарапынан қателіктер туындап жатса, қосымша рұқсатнамалардың берілуі тоқтатылады.