Ұмыт қалдырылған қорап Астана әуежайын әбігерге салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше сағат 20.30-да жолаушылар терминалының екінші қабатында авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкері орындық астында күмәнді қорапты байқап қалған. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлайды.

Талаптарына сәйкес аталған зат туралы Астана әуежайындағы ЖПБ кезекшілік бөліміне хабарланды.

Бір сағаттан астам уақыт ішінде аэровокзал кешенінде әуежай қызметтері мен уәкілетті органдардың күшімен жолаушыларды эвакуациялау және күдікті жолаушыларды іздестіру жұмысы жүргізілді.

Қауіпсіздік мақсатында терминал жанындағы алаң қоршауға алынды. Тексеріс барысында әуежайдан 350 жолаушы және 140 қызметкер эвакуацияланды. Уәкілетті органдар мамандары аталған қораптың жарылғыш зат еместігін растады. Сағат 21.55-те жұмыс аяқталды.

Әуежай қызметкерлерінің уақтылы жедел жауап беру арқасында Астана әуежайында күнделіктері бар қорапты Шымкент қаласына ұшып кеткен жолаушы ұмыт қалдырғаны анықталды.