Ұмытыла бастаған «шопандар күні» Алматы облысында атап өтілді

АЛМАТЫ. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Өткен жұма күні Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Айдарлы ауылында «Шопандар күні» атап өтілді.

Бұл игі іске жергілікті Жайылым комитеті мен ауылдағы мал шарашылығымен айналысатындар мұрындық болған.

Аталған ауылдың әкімі Бейсенбек Айнабековтың айтуынша, бұл ауылда шопандар күні соңғы рет 1989 жылы атап өтіліпті. «Кеңес өкіметі тарардың алдында ауылымызда жалпы мал басының саны 35 мың еді. Одан кейін халықтың көбі қалаға ағылып, ешкімнің мал шаруашылығымен айналысуға жөнді мән бермегендігінен мал басы азайған еді. Дегенмен, қазіргі күні мал шаруашылығы қайта көтеріліп, мал саны 30 мыңға жетіп отыр», -дейді әкім.

Айтулы мереке барысында киіз үй тігіліп, дастархан жайылып, көкпар тартылып, бәйге өтті. Сондай-ақ ауылдың жастары ән салып, би билеп өз өнерлерін ортаға салса, ауыл әкімі ауыл шаруашылығымен айналысып, ауылдың өркендеуіне үлес қосып жатқан бір қатар азаматтарға құттықтап, мақтау қағаздарын берді.

Осы тұста Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің біріккен "Ауыл тұрғындарының жағдайын көтеру және экологиялық тұтастықты сақтауға арналған тұрақты түрде жайылым ресурстарын басқару" жобасының қызметкерлері бұл бастаманы қолдап, мал шаруашылығын жандандырып, еңбек етіп жүргендерді марапаттады. Аталған бағдарламаның қоғаммен байланыс бойынша сарапшысы Бағлан Күлімбаева өз жобалары аясында осы ауылға 10 киіз үй, күн сәулесімен істейтін электр құрылғысын және медициналық қорапша табыстағандығын айтады.

Алматы қаласынан 178 шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауыл мал шаруашылығына өте тиімді. Жайылымдық жері кең әрі судан да еш қиындық көрмейді.