«Үндестік сабақтары» фильмін әлемдік прокатқа шығарумен Films dictributiom агенттігі айналысатын болды

АЛМАТЫ. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Кеше Германияда 63-ші Берлин кинофестивалі өз жұмысын бастады. Онда биыл қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған Әмір Байғазиннің «Үндестік сабақтары» («Уроки гармонии») атты алғашқы кинотуындысы фестивальдің негізгі байқауына қатысқалы отыр.

«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, фильмнің продюсері Анна Качконың сөзіне қарағанда 14 ақпанда «Үндестік сабақтарының» БАҚ өкілдеріне арналған жабық көрсетілімі және фестивальге алдын-ала тіркелген журналистермен баспасөз отырысы өтеді. Ал күннің екінші жартысында Берлинале орталық сарайында (Berlinale Palast) фильмнің алғашқы көрсетілімі болады. Сондай-ақ енді көптеген елдердің фильмдерімен жұмыс жасауда тәжірбиесі бар және осы салада барлық құқықтарды жақсы білетін Францияның Films dictributiom агенттігі «Үндестік сабақтары» фильмін әлемдік прокатқа шығарумен айналысатын болады. 2012 жылы Films dictributiom компаниясы ұсынған «WAR WITCH» фильмі Берлин кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесіне қол жеткізіп, «Оскар 2013» киножүлдесіне үміткерлердің тізімінен көрінген болатын.

Жалпы 28 жастағы режиссері Әмір Байғазиннің «Үндестік сабақтары» жобасы 2011 жылы VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі шеңберінде өткізілген «Қазақстандық киножобалар нарығында» үздік деп танылды. Сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясының қаржылай қолдауына және халықаралық деңгейде танылуына кең мүмкіндік алды. Фильмнің түсіру жұмыстары 2012 жылдың шілде айында аяқталды. Бірнеше күннен кейін фильмнің алғашқы кадрлары Босния және Герцеговинаның Сараево қаласында өткен Халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, «Work-in-Progress» конкурстық бағдарламасында бас жүлдені жеңіп алды. Көп ұзамай, «Берлинале әлемдік кино қоры» тағайындаған жүлдеге қол жеткізді. Жалпы, бұл фильм - аталмыш қордың қолдауына ие болған алғашқы қазақстандық жоба болып отыр.