Үндінің үш келіншегі әлемдік турне аясында Қазақстанға келмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанда тұратын үш келіншек өз автокөліктерімен үнді әйелдерінің құқығын насихаттау үшін әлемнің 24 еліне 70 күндік саяхатын бастады. Жоспар бойынша олар сапарын Лондоннан бастамақ, деп жазады Ani сайты.

Мумбаида тұратын 55 жастағы Прия Раджпал, Коимбаторда тұратын 45 жастағы Минакши Арвинд пен Поллач елді мекенінде тұратын 38 жастағы Мукамбика Ратина күніне 500 шақырым жол жүріп, 70 күн ішінде 24 мың шақырым жерді аралап өтпек.

70 күн ішінде үндінің үш келіншегі Мьянма, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Словакия, Мажарстан, Румыния, Болгария, Македония, Сербия, Хорватия, Австрия, Чехия, Швейцария, Франция, Бельгия, Нидерланды мен Ұлыбритания елдеріне барады.

Саяхатшы әйелдердің айтуынша, олар бұл турнені Үндістан тәуелсіздігінің 70 жылдығына арнап отыр. Әйелдердің біреуі бұл ұзақ сапар кезінде 8 жасар қызын туысқандарының қарауына тапсырыпты. Үш келіншек сапарға өте қатты дайындалғандарын, тіпті, Өзбекстанда жанармай жоғын ескеріп, жанармай қорын алып шығатындарын айтқан.

Сондай-ақ, үшеуі автокөліктің кейбір жерлерін жөндеп те үйренген екен. Үш әйелдің саяхатының негізгі мақсаты - Үндістандағы әйелдердің де ерлермен бірдей білім алып, жұмыс істеуге құқығы бар дегенді дәлелдеу. 

Фото: aninews.in