Үндістан билігі ғибадатхана өртіне қатысты оқиғаны тергеуді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістан билігі елдің оңтүстік батысындағы Керала штатында индуистік ғиабадатханадағы өрттің шығу себебін анықтау үшін тергеу жүргізуді тапсырды. Айта кетейік апаттан 100-ден астам адам қаза тапқан болатын. 400-ге жуық адам түрлі жарақат алды.

Би-Би-Си агентігінің хабарлауынша, индуистік діни мейрам кезіндегі от шашу барысында пиротехниканың жарылуы салдарынан алапат өрт шыққан. Тілсіз жау тез таралып, ғимаратты безендірген гүл шоқтары мен ілме шамдарға  ілінген. Өртке шыдамаған ғибадатхана қабырғасы опырылып құлаған, салдарынан өте көп адам мерт болды. Тіпті ғимараттан 200 метр қашықтықта тұрғандар да зардап шеккен.

Штаттың ішкі істер министрі Рамеш Ченнитала қайғылы оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу жүргізілетінін айтты.

Алдымен, полиция храм әкімшілігі мен фестиваль аясында мерекелік шараларды ұйымдастыруға жауапты компанияны жауапкершілікке тартуды жоспарлап отыр. 

«Үкімет мереке кезінде ғимаратқа жақын жерде от шашу пайдаланбау туралы тыйым жария еткен. Алайда ол Путтингалде орындалмаған», - деп мәлімдеді штаттың бас министрі Креала Оуммен Чанди.