Үндістан: Демографиялық серпіліс экономикалық көшбасшылыққа жол аша ала ма

Фото:
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Үндістан халқының саны жөнінен Қытайды басып озды. Осылайша 1950 жылдан бері алғаш рет көштің тізгіні өзге елге өтіп отыр. Дәл осы 1950 жылы БҰҰ әлемдегі халықтың санына есеп жүргізіп бастаған болатын. Кей сарапшылар Үндістандағы сандық өсім сапада да көрініс табатынын айтып жүр. Биыл Үндістан экономикасы ең қарқынды өсім көрсеткен экономика атануы мүмкін. Толығырақ ҚазАқпарат шолуында.

1,5 млрд адамдық межеге 10 жыл қалды

АҚШ-тағы «Пью Ресерч» талдау орталығының (Pew Research Center) мамандары БҰҰ деректері негізінде Үндістан халқының қарқынды өсуіне түрткі болған негізгі факторларды атаған болатын. Дегенмен, сарапшылар ресми Дели 2011 жылдан бері халық санағын жүргізбегенін алға тартады. Соны ескерсек, нақты әрі сенімді деректерді дөп басып айту әзірге қиын.

Фото: Getty Images

Қазіргі таңда Үндістанда 1,4 миллиардтан астам адам тұрады. Бұл бүкіл Еуропаның (744 миллион), Солтүстік және Оңтүстік Американың (1,04 миллиард) барша тұрғындарының санынан да көп. Қытайда да халық саны 1,4 миллиардтан асады. Бірақ кейінгі жылдары ҚХР халқы азаюға бет алса, Үндістан халқы тоқтаусыз өсіп келеді.

БҰҰ болжамы бойынша, Үндістан халқының саны 2030 жылға қарай 1,5 миллиард адамнан асып, 2064 жылға дейін баяу өсе отырып, 1,7 миллиард адамға жетуі мүмкін.

Фото:nashvancouver.com

БҰҰ сарапшылары Үндістандағы демографияның 2065 жылдан кейінгі динамикасын екі сценарий бойынша болжап отыр. Елдегі бала туу динамикасы жоғары қарқыннан танбаса, 2068 жылға қарай халық 2 миллиард адамнан асады. Ал бала туу коэффиценті төмендесе, 2047 жылдан бастап халық саны азайып, 2100 жылға қарай 1 миллиард адамға дейін түседі.

Әлемдегі жасы 25-ке жетпеген әр бес адамның бірі Үндістанда тұрады

Үндістан халқының өсе түсетіні туралы болжамды елде жасы 25-ке жетпеген жастардың көптігіне сүйеніп растауға болады Олардың үлесі 40%-дан асады. Батыс сарапшылары мұны өте жоғары көрсеткіш ретінде бағалап отыр.

Әлемдегі жасы 25-ке жетпеген әр бес адамның біреуі Үндістанда тұрады. Осының арқасында Үндістан тұрғындарының орташа жасы 28 болып тұр. Салыстырып айтсақ, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 38, Қытайда – 39 жас.

Фото:AP



Адам саны бойынша Үндістаннан кейін тұрған Қытайда да, АҚШ-та да халық жылдам қартайып барады. 65 жастан асқан халықтың үлесі Үндістанда 7% болса, Қытайдағы 14%, АҚШ-та 18%.

Бұл санаттағы үндістандықтардың үлесі 2063 жылға дейін 20%-дан төмен болып, 2100 жылға қарай ғана 30%-ға жақындауы мүмкін.

Бұл ел бала туу коэффициенті бойынша да Қытай мен АҚШ-тың көрсеткішінен жоғары тұр. Алайда кейінгі 10 жылда Үндістанда да бала туу коэффиценті азайған.

Соңғы мәліметтер бойынша, Үндістандағы әр әйел орта есеппен екі бала дүниеге әкеледі. Бұл көрсеткіш бойынша да ол Қытай (1,2) мен Америка Құрама Штаттарынан (1,6) жоғары тұр. Дегенмен бұл 1992 жылғы (3,4) немесе 1950 жылғы (5,9) көрсеткіштерінен әлдеқайда төмен. Аталмыш тенденция мұсылмандар мен христиандар арасында да, сикхтер мен буддистер арасында да байқалуда. Мысалы, Үндістан мұсылмандарының арасында бір әйелге шаққандағы құрсақ көтеру коэффициенті 1992 жылғы 4,4 баладан 2019 жылы 2,4 балаға дейін күрт төмендеген. Дегенмен, Үндістан мұсылмандары әлі де болса өзге дін өкілдеріне қарағанда ең өсімтал санат болып отыр.

Фото: ТАСС/Zuma



Статистика көрсеткендей, қалалық жердегі Үндістан әйелдері ауылдық жердегі әйелдерге қарағанда тұңғыш баласын 1,5 жыл кеш дүниеге әкеледі. Қалалық жерде тұратын 25 пен 49 жас аралығындағы Үндістан әйелдерінің алғаш рет босанатын орташа жасы – 22,3. Ауылдық жерде бұл көрсеткіш – 20,8. 2019 жылғы зерттеу деректері осылай дейді.

Мұнда да жоғары білімді және әл-ауқаты жақсы әйелдер кешірек құрсақ көтереді. 12 жылдық орта білім алған әйелдер арасында алғашқы құрсақ көтерудің орташа жасы 24,9 болса, мектепте оқымаған әйелдер арасында бұл көрсеткіш – 19,9 жас.

1970 жылдары Үдістанда ұлдар мен қыздардың туу коэффициентіндегі ара-қатынасты пренатальды диагностика арқылы қолдан жоғарылату сәнге айналған. Қазір бұл көрсеткіш те әлдақайда азайған. 2011 жылғы халық санағы бойынша, әр 100 қызға шамамен 111 ұл баладан келеді. Одан бергі 10 жылда теңгерім тіптен теңескен болуы ықтимал. Нақты айтсақ, 2015-2016 жылдары 100 қызға шамамен 109 ұлдан, 2019-2021 жылдары 100 қызға 108 ұлдан келіп отыр.

Фото: Cortyn / shutterstock.com



Кейінгі 30 жылда бұл елдегі нәресте өлімінің көрсеткіші 70% төмендеген. Бірақ әлі де болса аймақтық және халықаралық стандарттардан алшақ жатыр. Жалпы Үндістанға көшіп келушілерден, көшіп кетушілер көп. Мұның салдарынан көші-қонның теріс сальдосы қалыптасып отыр. БҰҰ мәліметі бойынша, 2021 жылы Үндістаннан 300 мыңға жуық адам қоныс аударған.

БҰҰ-ның орта мерзімдегі болжамы бойынша, 2100 жылға дейін Үндістаннан көшіп кетушілердің үлесі басым болады.

2023 жылы Үндістан экономикасы ең қарқынды өскен ел атанбақ

Шетелдік сарапшылар Үндістан 2023 жылы әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан ірі экономикаға айналады деп болжайды. Ал инвестициялық өсімнің соңы өндіріспен бірге несиелендіру мен тұтынушылық сауданың күрт өсуіне әкелуі мүмкін.

2022 жылы өндіріске қажет бөлшектердің тапшылығы мен пайыздық мөлшерлемелердің өсуінен, тұтынушы сұраныстарының бәсеңдеуі мен рупи бағамының құлдырауынан импорт қымбаттаған.

Фото:aussiedlerbote.de



Deloitte консалтинг компаниясы 2023 жылы Үндістан экономикасының нығаюына көмектесетін «ішкі драйверлер» бар екенін алға тартып отыр.

Сонымен қатар, «Deloitte» сарапшылары Үндістанның үш үлкен проблемаға тап болатынын болжайды.

Біріншіден, инфляция 2023 жылы жоғары күйінде қалуы мүмкін. Тіпті қазір бағаның шарықтау шегіне жеткені айтылып жүрсе де, инфляция Үндістанда жалғаса беруі ғажап емес.

Екіншіден, экономикасы дамыған елдердің орталық банктері ақша-несие саясатын қатаңдатты. Бұл Үндістан экономикасын жаппай баяулатуы мүмкін. Оның әсері ішкі инвестициялар мен тұтынушылық сұранысқа тимек. Өйткені халық арасында ресурсты жинақтау үрдісі артады. Өтімділіктің қатаң шарттары капиталдың кетуіне және төлем балансындағы теңгерімсіздіктің артуына әкелуі мүмкін.

Үшіншіден, Үндістанның еңбек нарығындағы жағдай әлі жақсарған жоқ. Ал COVID пандемиясы қайталануы мүмкін деген қауіп еңбек секторының қалпына келуіне тежеуіш боп тұр.

Фото:AFP/© Arun SANKAR



«Deloitte» мамандары соның өзінде Үндістан 2023-2024 қаржы жылын 5,8–6,3% өсіммен түйіндейтінін болжап отыр.

Халықаралық валюта қорының болжамы қандай?

Халықаралық валюта қорының сарапшылары Үндістан экономикасының жақын арадағы әлеуетін оптимистік тұрғыдан бағалады.

Елдегі экономикалық өсім 2023 жылы 6,1% болса, 2024 жылы 6,8%-ға оралуы мүмкін. Яғни, бұл 2022 жылғы көрсеткішпен бірдей деген сөз.

Ал АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің өсімі 2023 жылы 1,4% болады деген болжам бар. Еуроаймақтағы өсім қарқының болжамы да 2022 жылдың қазанындағы 0,5%-дан 0,7%-ға дейін көтерілді. Халықаралық валюта қоры Еуропа қуат көздерінің қымбат бағасына күткендегіден жылдам бой үйреткенін мәлімдеп отыр.

Сондай-ақ, бұл қор Қытай экономикасының өсу болжамын 2022 жылдың қазан айындағы 4,4%-дан 5,2%-ға дейін көтерді. 2022 жылы Қытайдың «Zero-COVID» саясаты экономиканың өсу қарқынын 3% деңгейінде тежеді. Осының салдарынан Қытай экономикасының өсімі кейінгі 40 жылда алғаш рет орташа әлемдік деңгейден төмен төмен болды.

Үндістан экономикасының өсуі жаһандық ауқымдағы инвесторларды қызықтырып отыр. Жер шарындағы халқы ең көп нарықтың өсімталдығы алдағы 10 жылда да инвесторлар үшін тартымды болып қала береді. Бірақ Үндістан іргесіндегі Қытайдың жетістігін қайталай ала ма? Оны уақыт көрсетеді.

Басты фото:Legion Media