Үндістан климат жөніндегі Париж келісімін мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістан жексенбіде ресми түрде Климат жөніндегі Париж келісімін ратификациялады. Үндістан келісімді қолдаған соң құжатты мақұлдаған парник газ шығарындыларына жауапты елдер үлесі 52%-ға жетті. Келісім бұл үлес 55%-ға жеткенде күшіне енеді. Алдағы аптада оны Еуроодақ мақұлдауы мүмкін, деп хабарлайды newsru.com.

Үндістан билігінің өкілдері Нью-Дели келісімді мақұлдағанын Нью-Йорктегі БҰҰ хатшылығына ресми мәлім етті. Ал халықаралық ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мун Үндістанды осы қадамымен құттықтады.

БҰҰ Бас хатшылығы кеңсесінің хабарлауына сенсек, Үндістанды қосқанда келісімге 62 мемлекет қосылған.

Париж келісімі 2015 жылы 12 желтоқсанда БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі мәселелер бойынша бүкіләлемдік конференциясында (COP-21) Франция астанасында қабылданған.  Форумның 195 қатысушысы 2100 жылға дейін Жердегі орташа температураның өсуін Цельсий бойынша 2 градустан арттыруға жол бермеуге уағдаласты. 
Еске сала кетсек, Қазақстан Париж климаттық келісіміне қосылу рәсімін аяқтап келеді. 2016 жылдың 4 шілдесінде Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің төртінші отырысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, Париж климаттық келісімін іске асыру Қазақстан үшін маңызды міндеттердің бірі. «Париж келісімі базасында «жасыл экономикаға» көшу жол картасын әзірлеп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жүктелген болатын. Энергетика министрлігі Париж климаттық келісіміне қосылуға бағытталған жүйелі жұмыстар мен «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдасын жүзеге асырып келеді. Былтырғы жылдың қыркүйегінде өткен Кеңес отырысында парниктік газдарды 90-жылдардың деңгейіне қарағанда 2030 жылға қарай сөзсіз мақсат ретінде 15 пайыз, шартты мақсат ретінде 25 пайызға ерікті түрде төмендету туралы шешім қабылданды», - деді Қ. Бозымбаев.