Үндістан Махатма Гандидің мұрағатын бәссауданы күтпестен 1,1 млн. АҚШ долларына сатып алды

АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Үндістан үкіметі үнді ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Махатма Гандиге қатысты мыңдаған хаттар, құжаттар және фотосуреттерден тұратын топтаманы 1,1 млн. АҚШ долларына сатып алды.

 Мұрағат 10 шілдеге тағайындалған Sotheby's бәссаудасына шығарылды, алайда Үндістан оның болатын күнін күтпестен барлық құжаттарды сатып алуды шешті. Олар енді Үндістанның Ұлттық мұрағатында сақталады.

Құжаттар Гандимен 1904 жылы Оңтүстік Африкада танысқан еврей сәулетшісі Герман Калленбахтың отбасының иелігінде болған.  Үндістанның билік көздерінің пікірінше, Калленбахтың мұрағаты Махатма Гандидің Оңтүстік Африкада болған кезеңі туралы жаңа ақпаратты алуға көмектеседі.