Үндістан мен Қытай алғаш болып COVID-ке қарсы ингаляциялық вакцинаны мақұлдады

НЬЮ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат – Үндістан мен Қытай коронавируске қарсы вакцинацияның жаңа әдісін мақұлдады. Инесіз вакцинаның екі түрі бар: бірі мұрынға шашу, екіншісі ауызбен демалу, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі CBS News-ке сілтеме жасап.

Үндістанның реттеуші органы мұрынға шашатын Bharat Biotech вакцинасын мақұлдады. Елдің денсаулық сақтау министрі Мансух Мандавия Twitter-де бұл қадам пандемиямен ұжымдық күресті одан әрі күшейтетінін жазды.

Мұрынға арналған вакцинаны Сент-Луистегі Вашингтон университетінің ғалымдары жасаған және кейіннен үнділік вакцина өндіруші Bharat Biotech лицензиясын алған. Компания екі мәрте сынақ өткізді: бұрын екпе алмаған еріктілерге 3,1 мың вакцинаның екі дозасын және COVID-19 басқа вакцинасынан екі доза алған 875 еріктіге қосымша екпе екті.

Cansino Biologics мәлім еткендей, Қытай реттеуші органдары коронавирус вакцинасының ингаляциялық нұсқасын үдеткіш доза ретінде қолдану үшін мақұлдаған. Компания алдын ала зерттеу нәтижелеріне назар аударып, бұл ингаляциялық нұсқа бір дем алғаннан кейін иммундық қорғанысты күшейтетінін атап өткен.


Фото: cbsnews.com