Үндістан мен Қытай елдері алғаш рет бірігіп кино түсірмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жекпе-жек шебері, танымал актер Джеки Чан Үндістан мен Қытайдың бірінші бірлескен фильміне түседі, деп хабарлады ТАСС.

Екі елдің кинематографтары үшін бұл - үлкен оқиға. «Кунг-фу йога» деген атаудағы фильмның түсірілуі Бейжің мен Дели арасындағы байланысты жақсарта түседі.

Үндістан газеттері кинематографистердің бірінші бірлескен жұмысына қыркүйек айында ҚХР төрағасы Си Цзыньпиннің Нью-Делиге келуі себеп болды деп жазуда. Осы сапардың барысында түсірілімнің басталуын қарастыратын ресми құжатқа қол қойылды.

Әзірге Джеки Чаннан басқа фильмге кімнің түсетіні белгісіз. Актерлерді 2005 жылы түсірілген «Миф» лентасы арқылы танылған қытай режиссері Стенли Тонг таңдайды.