Үндістан мен Пәкістанды ШЫҰ рухын қатаң ұстануға шақыру керек - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шынхай ынтымақтастық ұйымының жауапкершілік аумағы кеңейді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген саясаттанушы, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков мәлім етті.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының тарихи маңызы бар. Атап айтқанда, ұйым тарихында мүше мемлекеттер саны артып отыр, яғни Астана саммитінде ШЫҰ-ның кеңею үдерісінің бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Сондықтан бүгінгі оқиғаны өте маңызды сәт деп сенімді түрде айтуға болады»,-деді Сарабеков.

Бүгінгі таңда әлем елдері лаңкестік проблемаларына ерекше мән беріп отырғанына тоқталған сарапшы, осы орайда Астанадағы саммитте өңірлік және жаһандық жанжалдарды шешуде салмақты мәселелер талқыланып отырғанын атап өтті.

«Соңғы кездердегі оқиғалар желісін ескере отырып, қазіргі таңда осы ұйымға деген қажеттілік артып келеді. Үндістан мен Пәкістанның ресми түрде ШЫҰ-ға мүше болуы, біріншіден, жауапкершілік аумағының кеңейгенін білдіреді. Бұған дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы негізінен Орталық Азия өңіріндегі және осы аумаққа шектес жерлердегі мәселелерге назар аударып келсе, бүгінде оған Оңтүстік Азия да қосылып отыр. ШЫҰ енді трансаймақтық ұйымға айналды»,-деп тоқталды институт сарапшысы.

«Үндістан мен Пәкістан ядролық қаруы бар елдердің қатарында. Ресей мен Қытайды қосып есептегенде, енді ШЫҰ құрамында төрт ядролық держава болады. Бұл ұйымның салмағына, ықпалына әсер етеді»,-дейді ол.

Бұдан бөлек Сарабеков Үндістан мен Пәкістан арасындағы біраз реттелмеген мәселелер бар екенін, сондықтан бұл жерде өзара екіжақты кикілжіңдер ШЫҰ мәртебесіне кері әсерін тигізбеуін қадағалау керектігін сөз етті.

«Бұл тұрғыда Қазақстан тарапы өзінің әріптестеріне Шанхай ынтымақтастық ұйымы рухын ұстануға үндеу жасауы керек деп ойлаймын. Себебі осы жылдары ұйым аясында мәселелерді бірігіп қарастырып, шешім қабылдауға қол жеткізе алдық. Осы орайда бұрынғы және жаңадан қабылданған мұшелерді Шанхай рухын ары қарай ұстануға шақыру керек»,-деді саясаттанушы.

Оның пайымынша, ұйым мүшелері санының артуы Оңтүстік Азия бағытындағы нарықтарға қолжетімділікті арттыруға септігін тигізеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Үндістан мен Пәкістан ресми түрде ШЫҰ-ға мүше болды.