Үндістанда Астананың 20 жылдығы тойланды

БЕЙЖІҢ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Үндістандағы елшілігі Астананың 20 жылдығына орай мерекелік шара өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның ҚХР-дағы меншікті тілшісі.

Оған Үндістанның үкімет, парламент өкілдері, іскерлер және қоғамдық белсенділер, БАҚ және Делиде аккредитациядан өткен дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты. Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумар мен бұрынғы елші Ашок Саджанхар шараның құрметті қонағы болды. Қонақтар Қазақстанда өткізген уақыты мен Астананың даму қарқыны туралы жылы пікірлерін білдірді.

Шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Үндістандағы елшісі Болат Сәрсенбаев Астананың қалыптасу тарихының негізгі кезеңдеріне тоқталып, елорданың Қазақстанның жалпы дамуына, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосып отырған сүбелі үлесі туралы айтты.

Шарада Астананың дамуы туралы бірқатар видеоролик көрсетіліп, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Нұрорда» фольклор-этникалық ансамблі концерт қойды.