Үндістанда автобус апатқа ұшырап, 37 адам қаза болды

АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - 19 наурыз күні таңертең Гоадан Мумбайға бет алған жолаушылар автобусы Үндістанның батысындағы Махараштра штатында апатқа ұшырады.

Жол апаты салдарынан кем дегенде 37 адам мерт болды, деп хабарлады РБК.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жүргізуші машинаға ие бола алмай жол жиегіндегі қоршауға соғылды, одан кейін тартылып қалған өзен арнасына құлап кеткен.

Апат салдарынан 10-ға жуық жолаушы жарақат алды, зардап шеккендердің арасында шетел азаматтары да бар. Жол оқиғасы фактісі бойынша тексеріс жүргізілуде.

Осыған ұқсас оқиға Үндістанда 2011 жылы болған. Ол кезде Үндістанның бақылауына кіретін бөліктегі Кашмир даулы провинциясында жолаушылар автобусы 100 метрлік биіктіктен шыңырауға құлап кеткен болатын. Салдарынан кем дегенде 10 адам қаза болып, тағы 50-ге жуық жолаушы жарақаттар алды.