Үндістанда автобус шатқалға құлап, 8 адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанда автобус шатқалға құлап, нәтижесінде 8 адам қаза тапты. Тағы 35 жолаушы әр түрлі дәрежедегі жарақат алды, деп хабарлайды РИА Новости.

Оқиға дүйсенбі күні кешке Үндістандағы Мадхья-Прадеши штатының Дхар округінде орын алған. Ішінде 60 жолаушысы бар автобус тереңдігі 30 метр шатқалға құлаған.

Қазіргі кезде оқиға орнында құтқарушылар мен полиция жұмыс жасап жатыр. Апаттың себептері әлі белгісіз.

Айта кетейік, Үндістанның жолдары әлемдегі ең қауіпті жолдардың біріне жатады. Жыл сайын әр түрлі аймақтарда жол апатынан мыңдаған адам көз жұмады. Көп жағдайда жол апатына жүргізушілердің салғырттығы, шамадан тыс көп адам тасымалдау немесе жолдың нашарлығы себеп болады.