Үндістанда автобустың көпірден құлауы салдарынан 10 адамның өмірі қиылды

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Үндістанның Карнатака штатында автобустың көпірден көлге құлауы салдарынан он адам қаза болды және тағы оны із-түзсіз жоғалғандар ретінде саналды.

Штат полициясының хабарлауынша, автобус жүргізушісі қарсы келген машинамен соғылудан қашуға талпынған көрінеді, алайда ол көлікті басқара алмай қалған.

ВВС-дің жазуынша, дүйсенбіде Карнатакада тағы ірі жол-көлік оқиғасы орын алған еді. Онда минивэн мен автобустың соқтығысуынан 18 адамның өмірі қиылды. БҰҰ статистикасына қарағанда, автоапаттардың саны бойынша Үндістан әлемде бірінші орында тұр.