Үндістанда екі пойыздың апатқа ұшырауынан 24 адам қаза тапты
09:07, 05 Тамыз 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның орталық бөлігінде екі пойыздың вагондары өзенге құлап, кем дегенде 24 адам қаза тапты, деп хабарлады NDTV.
Оқиға сейсенбі күні 4 тамызда кешке Мадхья-Прадеш штатындағы Харда елді мекенінің маңында болған.
Көпірден өту кезінде Мумбаи - Варанаси бағытында жүрген пойыздың 6 вагоны рельстен шығып кетті. Бірнеше минуттан кейін сол жерде Джабалпер - Мумбаи пойызының 3 вагоны мен локомотив рельстен тайды.
Теміржол компаниясы өкілдерінің айтуынша, апат қатты нөсер салдарынан орын алуы мүмкін.
Құтқарушылар 300-ден астам адамды қауіпсіз жерге шығарды. Шамамен 40 адам түрлі жарақат алды.