Үндістанда миллиондаған бала қоқыс жинап, ақша табуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін - Дүниежүзілік балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес күні. Қазір әлемде 5 және 17 жас аралығындағы 246 миллионға жуық жеткіншек мектепке барудың орнына, ересектер сияқты жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл - АҚШ секілді алып мемлекеттің халқына жететін адам саны, деп хабарлады www.24.kz.

Оның үстіне осы тізімдегі сегіз баланың біреуі адам өміріне қауіпті әрі денсаулыққа зиян жұмыстарды атқарады. Бір ғана Үндістанның өзінде миллиондаған жас ұрпақтың балалық шағы шыжыған күннің астында ауыр еңбекпен өтуде. Үнді астанасы Нью-Дели маңындағы қоқыс тасталатын аумақта миллиондаған бала ескі-құсқы заттарды жинайды. Балалық шағын осындай азапты еңбекпен өткеріп жатқан жеткіншектердің бірі - Паарвати. Оның жасы бар болғаны 10-да. Бір отбасының желкілдеп өсіп келе жатқан қызы қала маңында үсті-басы сасып, аяқ-қолы тілініп, таңғы 5-те тұрып, қас қарайғанша қоқыс теріп жүр. Қаршадай қыздың бұдан басқа амалы жоқ. Нанын әрең тауып отырған отбасына баланың білімі емес, ақша тапқаны тиімді.

«Мектепке барғым келеді. Қоқыс тасығаннан қолдарым ауырады. Әрі бәрі сасық. Бірақ ата-анам көмекке зәру», - дейді қоқыс жинайтын Паарвати Сасо

Соңғы жүргізілген санақ бойынша, қазір Үндістанда 5 пен 14 жас аралығындағы буыны қатпаған 4,5 миллион бала күнкөріс қамы үшін жұмысқа жегіліп жүр.

«Біздің елдегі жеткіншектердің балалық шағы ауыр жағдайда өтуде. Біз бүгінгі жас буынға қажетті білімді бере алмасақ, ертең олар зардап шегетін болады. Мұның экономикамызға тигізер залалы зор болмақ», - дейді Балалар құқықтары бойынша зерттеу орталығының директоры Комал Ганотра.

Өткен айда Үндістан үкіметі 14 жасқа дейінгі балалардың жұмыс істеуіне тыйым салатын заң жобасын ұсынды. Қазір бұл құжат парламент қарауында жатыр. Жоба бірауыздан мақұлданса, балалар еңбегін пайдаланған жұмыс берушілерге 300 ден 800 АҚШ долларына дейінгі көлемде айыппұл салынады. Тіпті заңға бағынбағандарды 6 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.