Үндістанда мұнай қоймасында болған өрт кезінде бес адам қаза болып, 150 адам жараланды

АСТАНА.  Қазанның  30-ы.  ҚазАқпарат -   Үндістанның   батысындағы Раджастан  округінде     мұнай   қоймасы  өртеніп  жатыр.

Оқиға салдарынан  ең аз  дегенде,  5 адам  қаза  болып,     150 адам  жараланды,  6 адам із-түзсіз жоғалғандар санатында,  деп   хабарлайды ҚазАқпарат  «РИА «Новости» агенттігіне  сілтеме  жасап.

Куәгерлердің айтуынша,     аспанға көтерілген  жалын  25 шақырым    қашықтықтан   көрінуде,      төңіректің барлығы  қара түтін.  Үнді армиясының    жауынгерлері  өрт сөндірушілермен  бірге       өртті ауыздықтауға тырысып жатыр,       жалынды сөндіруге 25 өрт бригадасы  жұмылдырылып отыр.

«Өрт аумағында   қалған   алты адамды іздеуге көмектесу  үшін  әскерилер  өрт сөндірушілерге  қосылды.  Жалын   өте күшті және   оны ауыздықтау  қиынға  түсіп  отыр»,  деп  мәлім етті Ассошиейтед  Пресс агенттігіне  жергілікті полицияның өкілі Б.Л. Сони (B.L. Soni).

Оның айтуынша,     өрттен  қаза тапқан бес адамның денесі  алып   шығарылды,  ең   аз  дегенде, 150  адам  түрлі  жарақаттармен  жақын  маңдағы  ауруханаларға жөнелтілді.    Қоймаға  жақын маңда тұратын       үйлердің  тұрғындарының бәрі  жедел көшірілді,  ал   апат орнына жақын жердегі электр стансасы қауіпсіздік мақсатында  желіден   ажыратылды.

Қазір  оқиға орнында    іздеу-құтқару жұмыстары  жалғасуда.