Үндістанда валюта айырбастауды 30 долларға шектеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістан Үкіметі ірі банкноттарды айналымнан шығару туралы шешімнен кейін валюта айырбастау ережесін күшейтті. Бұрын бір адам 4 мың рупияға дейін алмастыру мүмкіндігіне ие болса, енді 2 мың (30 долларға жуық) рупияны бір рет қана ауыстырады, деп хабарлайды Би-Би-Си.

Өткен аптада Үндістанның Премьер-министрі жемқорлықпен күрес жүргізу аясында айналымнан 500 (7 доллар) және 1000 рупиялық банкноттарды айналымнан шығару туралы шешімді хабарлады.

500 және 1000 рупиялар елдегі қолма-қол ақша айналымының 85%-ын құрайды. Сарапшылардың пікірінше, Үндістандағы осындай «қара ақша» нарығы жоғары. Яғни, заңсыз жолмен немесе салық қызметі органдарынан жасырын түрде алынған ақша туралы айтып тұр. Билік ең көп пайдаланылатын қағаз ақшаны қолданыстан шығарып, нарық шонжарларын анықтамақшы. Бірақ бұл бастама табысы төмен Үндістан тұрғындарына, сондай-ақ қолма-қол ақшамен жұмыс жасауға әдеттенген бөлшек саудамен айналысатын саудагерлерге ауыр соққы болып тиді.

Үкіметтің бұл шешімі елді дүрліктірді: халық банкоматтардан қолма-қол ақша шешуге асықты. Сайып келгенде, билік қолма-қол ақша шешуге шектеу қойды. Шаруа қожайындары мен жас жұбайларды қоспағанда, Үндістан тұрғындарына күніне 10 мың және аптасына 24 мың рупиядан (350 доллар) артық шығаруға тосқауыл қойылды. Тойға дайындық жасап жатқан отбасыларға 250 мың рупияға дейін ақша шешуге рұқсат етілді.