Үндістаннан Қазақстанға келетін адамдар саны 4 есе артты

ДЕЛИ. ҚазАқпарат - 2018 жылы Үндістан азаматтарына 25 мыңнан астам виза берілді, бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 4 есеге артық. Бұл жайлы Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі Болат Сәрсенбаев Дели қаласында өткен «Қазақстан-Үндістан қатынастары: өткені, бүгіні, болашағы» атты дөңгелек үстелде мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«Нұр-Сұлтан мен Дели арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, екі елдің азаматтарының өзара сапарлары көбейіп келеді. Егер 2014 жылы Қазақстан Үндістан азаматтарына 6 мыңға жуық виза жіберсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 25 мыңнан асты», - деді елші.

Оның айтуынша бұған Үндістан астанасы мен Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы арасындағы 11 күнделікті әуе маршруты, сондай-ақ 2015 жылы Мумбайда, 2017 жылы Ченнай және 2018 жылы Гандинагарда Қазақстанның құрметті консулдарының ашылуы себеп болды.

«Біздің ынтымақтастығымыздың басым бағыттары - ғарыш, ақпараттық технологиялар, қаржылық технологиялар, энергетика және әскери-техникалық ынтымақтастық. Қазақстан Орталық Азиядағы Үндістанның негізгі сауда серіктесі болып табылады. Біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 1,2 миллиард долларға жетті, ал 2015 жылы ол 461,6 миллион долларды құраған болатын. Үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында Қазақстан мен Үндістан арасындағы екі жақты сауданың көлемі 293,1 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 35,9% -ға көп», - деді Б.Сәрсенбаев.

Б.Сәрсенбаев Қазақстандағы алдағы президенттік сайлау туралы, сондай-ақ Үндістанда тұратын және уақытша тұратын Қазақстан азаматтары үшін Үндістан Республикасындағы ҚР Елшілігінде сайлау учаскесінің ашылуы туралы айтып берді. Дөңгелек үстел барысында Делиде ашылған «KazakhInvest» ұлттық компаниясы өкілдігінің тұсауы кесілді, оның жетекшісі Айгүл Нұралина Қазақстан экономикасына инвестиция салуға мүдделі үнділік компанияларға ұсынылған ақпараттық және консалтингтік қызметтердің ауқымы туралы баяндады.

Еркін пікірталас барысында дөңгелек үстел қатысушылары, үкіметтік, іскерлік және қоғамдық топтар, ғылыми-зерттеу институттары мен сараптамалық орталықтар өкілдері Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың түрлі аспектілерін талқылады.