Келтірілген мәліметтер Доха 2022 жылы футболдан Әлем чемпионатына әзірленіп жатқан кездегі жұртшылық қысымы жағдайында жария болды.
Статистика мәліметтеріне қарағанда, Катарда айына орташа есеппен Үндістанның 20 жұмысшысы мерт болады. Бұл қайғылы оқиғалардың көптеп орын алуы - яғни 27 оқиға - 2013 жылдың тамыз айында болды, деп атап өтеді елшілік. Оған аптап ыстық себеп болды. Жазғы уақытта Парсы шығанағындағы елдерде ауаның температурасы қырық градустан асып кетеді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары осы елдерге нәпақа табу үшін келген еңбек мигранттарының «ауыр жағдайын» атап өтуде.
Үндістан елшілігі өз азаматтарының қандай жағдайда мерт болғанын ашып айтпайды. Оның мәліметтері бойынша, 2012 жылдың соңында Катардың құрылыс нысандарында 500 мың үндістандық жұмыс жасаған, бұл Катар халқының төрттен біріне тең.
Бұдан бұрын британдық «The Guardian» газеті 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатының құрылыс нысандарында Катарда жұмыс жасап жатқан Непалдың 400-ден астам мигранты қаза болғанын хабарлаған болатын.
Қазіргі кезде Халықаралық футбол федерациясы Катарда әлем чемпионаты өтетін мерзімді әзірге белгілеген жоқ. Көптеген футбол шенеуніктері оны қысқы мерзімде өткізу қажет деп санайды, өйткені жазғы аптап спортшылардың ойнауына ауырлық келтіреді.