Үндістанның солтүстігінде суықтан 30-дан астам адам көз жұмды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның солтүстігіндегі Уттар-Прадеш штатында жалпы нормадан ауытқыған суық адамдардың өмірін қиды.

Соңғы екі күнде онда 31 адам қайтыс болған. Соның сегізі елдің шығысында, 23-і батыста қайтыс болды, онда температура рекордтық төмен белгілерге дейін түсіп, небәрі 2,5 градус жылылықты көрсеткен. Әдетте желтоқсан айында мұндағы ауа температурасы 8-9 градус жылы болады.

Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, суықтың түсуі Үндістан тұрғындарының өмірлеріне қауіп төндіруде, өйткені көптеген адамдардың жылы киімі жоқ және олар далада қонуда, ал үйлерінде от жағылмайды.

Делиде де бір адам суықтан көз жұмды, ал үйлерінде жылыну үшін от жаққан тағы үш адам түтінге тұншығып қалған. Көлік апаттарының және соның салдарынан зардап шеккен адамдардың саны да көбейді. 22 желтоқсандағы ақпарат бойынша, Дели әуежайында тұман салдарынан 50 рейс тоқтатылған.

Күн райының салқындауына байланысты 28 желтоқсанға дейін штаттағы барлық мектептер жабылды. Ал қалың тұман салдарынан 200 пойыздың қозғалысы тоқтатылған. Метеорологтардың болжамы бойынша, елдің солтүстік және орталық аудандарында кем дегенде үш күн суық күн райы сақталып, тұман болады.