ANI агенттігінің мәліметінше, құтқару операциясы екі тәуліктен астам уақытқа созылған. Оған Үндістанның әскери-теңіз күштерінің кемесі, барлау ұшағы және арнайы жасақ бөлімшесі қатысқан.
Арнайы жасақ сарбаздары C-17 әскери-көлік ұшағынан қарақшылар басып алған «Азини» траулеріне десант түсірген. Нәтижесінде экипаждың 20 мүшесінің барлығы құтқарылды. Операция барысында балықшылар мен Үндістан әскери қызметшілерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
Қолда бар мәліметке қарағанда, қарақшылар кемені қазан айында басып алып, оны сауда кемелеріне шабуыл жасау үшін жүзбелі база ретінде пайдалануды көздеген.
Үндістанның қорғаныс министрі Раджнатх Сингх әскери-теңіз және әуе күштері бірлесіп жүргізген операцияның сәтті аяқталуы елдің Үнді мұхитындағы коммерциялық кеме қатынасының қауіпсіздігі мен еркіндігін қамтамасыз етуге бейілді екенін көрсеткенін мәлімдеді.
Бұған дейін әлемде тіркелген қарақшылық және кемелерге қарулы шабуыл жасау оқиғаларының саны 17%-ға артқаны айтылған. 2024 жылы 146 оқиға тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 171-ге жеткен. Халықаралық теңіз ұйымының мәліметінше, Сомали жағалауы мен Аден шығанағында сауда кемелеріне шабуыл жасау қаупі әлі де сақталып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Кипр жағалауында кеме суға батып, 10 теңізші құтқарылғанын хабарлағанбыз.