Үндістан мен Пәкістан аумағындағы Қазақстан азаматтары көшіріле ме – министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Үндістан мен Пәкістан аумағындағы Қазақстан азаматтарын қауіпсіз жерге көшіруге қатысты түсінік берді.
Оның айтуынша, Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс таяу арада шешілуі мүмкін.
— Осы қақтығыс тек бейбітшілік әрі дипломатиялық тәсілдермен тоқтайды деп үміттенеміз… Жойқын соғысқа бармайды деп ойлаймыз, — деді А. Рахметуллин.
Сонымен қатар ол аталған екі елдің аумағында жүрген Қазақстан азаматтарына қатысты пікір айтты.
— Осы елдердегі елшіліктер біздің азаматтармен тұрақты байланыста… Қазір оларды жаппай көшірудің қажеттілігі жоқ. Егер қажет болса, біз алдын ала ескертеміз. Исламабадтағы (Пәкістан) және Нью-Делидеге (Үндістан) елшіліктер бұл жағдайды тәулік бойы зерделеп отыр, яғни бізге ондағы ахуалды баяндап жатыр. Біздің азаматтарды эвакуациялауға ешқандай себеп жоқ, — деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, Пәкістан Үндістанның соққылары бейбіт ауылдар мен мешіттерге тиіп, 26 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Көз жұмғандар ішінде балалар да бар. Қазір қаза тапқандар саны 31 адамға жетті, ал 57 адам жарақат алды.
Бұған дейін Үндістан Пәкістан бақылауындағы Джамму және Кашмир аймақтарына соққы бергенін және бұл аумақтарда Үндістанға қарсы лаңкестік шабуылдар жоспарланып, басқарылған «террористік инфрақұрылым» орналасқанын мәлімдеген еді.
Үндістан Пахалгамдағы терактіден кейін Пәкістанға қарсы шаралар жариялады.
Айта кетейік, 30 сәуірде Үндістан мен Пәкістан шекарасында атыс болғаны туралы хабарлаған едік.
Үндістан мен Пәкістан соққыларын күшейте түсті.
Жақында Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммад Асиф Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің артуы ядролық соғыс қаупін тудырып отырғанын мәлімдеді.