Үндістан мен Пәкістан шекарасында атыс болды
АСТАНА. KAZINFORM – Үндістан мен Пәкістан армиясы Джамму мен Кашмирдегі бақылау сызығында бір-біріне оқ жаудырды. Бұл туралы PTI агенттігі Үндістан әскери құрылымындағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлады, деп жазады ТАСС.
– Бақылау сызығының бірнеше учаскесінде Пәкістан тарапынан атыс қаруын қолдану арқылы оқ атылды, – дейді дереккөз.
Үнділер де бұған оқ атумен жауап қайтарған. Қаза тапқандар мен жараланғандар туралы ақпарат жоқ.
PTI агенттігінің мәліметінше, бұл атыстар 22 сәуірде Пахалгам қаласында болған террорлық шабуылдан кейін Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс күшейген тұста болып отыр. Ол шабуылда 26 бейбіт тұрғын қаза тапқан болатын.
Пахалгам қаласындағы теракт
22 сәуір күні қарулы адамдар Джамму мен Кашмир одағы аумағындағы әйгілі туристік қала – Пахалгамда террорлық шабуыл жасаған. Әскери киім киген адамдар автоматтармен оқ жаудырған, 25 үнді азаматы мен 1 непалдық қаза тапты. Қылмыскерлер оқиға орнынан қашып үлгерген.
Көптеген адам жараланды. Шабуылды «Қарсылық майданы» атты топ өз мойнына алды. Бұл топтың Пәкістанда тыйым салынған «Лашкар-и-Тайиба» ұйымына қатысы бар. Осы оқиғадан кейін Үндістан Пәкістанмен су туралы келісімді тоқтатып, Нью-Делидегі пәкістандық кеңесшілердің елден кетуін талап етті. Сондай-ақ пәкістандықтарға берілген визалар да жойылды.
Айта кетейік, Ақорда Мемлекет басшысының Үндістанның Премьер-министріне көңіл айтқанын хабарлады.
БҰҰ Бас хатшысы Үндістандағы қарулы шабуылды қатаң айыптады.
Үндістан басқаратын Кашмирдегі танымал туристік орталықта қарулы адамдар тобы 26 адамды өлтіргеннен кейін Үндістан Пәкістанға қарсы шараларға көшті.
Джамму мен Кашмир полициясы Пахалгамда шабуыл жасағандардың аты-жөнін әшкерелеп, олар туралы ақпарат бергендерге сыйлық жариялады.