Үндістан Пахалгамдағы терактіден кейін Пәкістанға қарсы шаралар жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Қазақстандағы елшілігі Пәкістанмен туындаған қақтығысқа байланысты елдің ресми ұстанымын мәлімдеді.
Үндістан сыртқы істер министрінің мәлімдемесіне сәйкес, 2025 жылғы 22 сәуірде Пахалгамда болған лаңкестік шабуылға жауап ретінде Қауіпсіздік жөніндегі комитет (CCS) бірқатар шешім қабылдады.
Комитетке 25 үндістандық және бір непалдық азаматтың қаза тауып, одан бөлек бірнеше адамның жарақат алғаны туралы толық ақпарат берілді. CCS шабуылды қатаң айыптап, қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты және жараланған жандардың тез сауығып кетуін тіледі.
Үндістан үкіметі басқа мемлекеттер тарапынан терактіге үзілді-кесілді қарсы шығып, қолдау мен ынтымақтастық білдірген көптеген үндеу алғанын мәлімдеді. CCS халықаралық қолдауға ризашылық білдіріп, терроризмге жаһандық төзбеушілікті ерекше атап өтті.
Брифинг барысында шабуылдың шекара асып жасалған байланыстары туралы мәліметтер ұсынылды. Бұл шабуыл аймақтағы сәтті өткен сайлау мен экономикалық ілгерілеу аясында жүзеге асқаны айтылды.
Лаңкестік актінің маңыздылығын мойындай отырып, CCS келесі қарсы шараларды қабылдады:
1960 жылғы Инд су келісімін тоқтату.;
— Бұл келісім Пәкістан трансшекаралық лаңкестікке қолдау көрсетуден нақты және қайтымсыз түрде бас тартпайынша күшін тоқтатады, — делінген 23 сәуірдегі мәлімдемеде.
Аттари бақылау-өткізу бекетін жабу;
Пәкістан азаматтарына SAARC визалық бағдарламасы (SVES) бойынша шектеулер;
Пәкістан азаматтарына SAARC визалық жеңілдік бағдарламасы бойынша Үндістанға кіруге тыйым салынады. Бұған дейін берілген барлық SVES визалары жойылды деп есептеледі.
Пәкістанның Жоғарғы комиссариатындағы әскери кеңесшілердің елден шығарылады;
Үндістан Пәкістанның Жоғарғы комиссариатындағы қорғаныс, әскери-теңіз және әскери-әуе кеңесшілерін «персона нон грата» деп жариялап, елден бір апта ішінде кетуге нұсқау берді.
Сондай-ақ Үндістан Исламабадтағы Жоғарғы комиссариатынан кеңесшілерін кері шақырды. Екі елдегі комиссариаттарда аталған лауазымдар жойылады. Сонымен қатар, екі комиссариаттан 5 қызмет көрсету кеңесшісі жұмыстан босатылады.
Жоғарғы комиссариат қызметкерлерінің жалпы саны 55-тен 30-ға дейін қысқарады.
Қауіпсіздік жөніндегі комитет жалпы жағдайды талдап, барлық күш құрылымына жоғары дайындықта болуды тапсырды. Шабуылға қатысы бар барлық тұлға мен олардың демеушілері жауапқа тартылатыны хабарланды. Үндістан жақында экстрадицияланған Тахаввур Рана ісін мысалға келтіріп, лаңкестік әрекеттер жасаған немесе оған қатысқан кез келген адамды аяусыз жазалайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері 2025 жылғы 22 сәуірде Джамму және Кашмирде болған лаңкестік шабуылды ең қатаң айыптады. Кеңес мүшелері қаза тапқандардың отбасына, сондай-ақ Үндістан мен Непал үкіметтеріне көңіл айтып, жараланған жандарға толық және тез сауығып кетуді тіледі.
Жұма күні жарияланған мәлімдемеде Қауіпсіздік Кеңесі терроризмнің барлық түрі мен көрінісі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін ірі қатерлердің бірі екенін баса етті. Кеңес мүшелері бұл қылмысты ұйымдастырушыларды, орындаушыларды және қаржыландырушыларды жауапқа тартуға шақырды. Олар барлық елді халықаралық құқық пен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес бірлесіп әрекет етуге үндеді.
Айта кетейік, 30 сәуірде Үндістан мен Пәкістан шекарасында атыс болғаны туралы хабарлаған едік.
Еске сала кетсек, 22 сәуір күні қарулы адамдар Джамму мен Кашмир одағы аумағындағы әйгілі туристік қала — Пахалгамда террорлық шабуыл жасаған болатын. Әскери киім киген адамдар автоматтармен оқ жаудырған, 25 үнді азаматы мен 1 непалдық қаза тапты. Қылмыскерлер оқиға орнынан қашып үлгерген.