Үндістанда ауруханада өртеніп, 10 сәби көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM – Үндістанның солтүстігіндегі Уттар-Прадеш штатындағы аурухананың жаңа туған нәрестелер бөлімінде өрт шығып, 10 жаңа туған нәресте көз жұмды. Бұл туралы «Times Now» басылымы хабарлады.

Фото: Freepik.com

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, өрт Джансидегі Махарани Лакшми Бай медициналық колледжінің жансақтау бөлімінен шыққан. 

Өрт сөндірушілер келген кезде палаталарды жалын мен түтін шарпыған. Құтқарушылар жаңа туған нәрестелерге жету үшін терезелерді бұзып өтуге мәжбүр болды. Куәгерлердің айтуынша, құтқару операциясы өрт шыққаннан кейін шамамен 30 минуттан кейін басталып, эвакуация кешіктірілген.

Үндістан премьер-министрінің орынбасары Бражеш Патхак жеті мәйіттің кім екені анықталғанын айтты. Үш мәйіттің кім екені әзірге белгісіз. 45 сәби құтқарылып, оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. 

«Ауруханадағы 16 сәбидің жағдайы ауыр», - деп жазады «Times Now».

NDTV арнасының хабарлауынша, өрт шыққан кезде жансақтау бөлімінде 54 сәби болған.

– Біз бұл қайғылы оқиғаға қатысы бар кінәлілерді анықтап, қатаң шаралар қабылдаймыз. Үкімет осы оқиғағадан зардап шеккен отбасылармен бірге екенін атап өткіміз келеді, - деді жергілікті шенеуніктердің бірі.

Үндістанда құрылыс тәжірибесінің нашарлығына, адамдардың көп жиналуына және қауіпсіздік ережелерінің нашарлығына байланысты өрт жиі кездеседі.