ҚазАқпарат бұл туралы Xinhua агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Үндістанның оңтүстік-батысындағы Махараштра штатының астанасы Мумбаи қаласының Горегаон ауданында көпқабатты ғимараттан өрт шығып, жеті адам мерт болды, 40-қа жуық тұрғын жарақат алған.
Зардап шеккендердің бесеуінің жағдайы өте ауыр, ал төрт тұрғын алғашқы көмек алғаннан кейін ауруханадан шығарылған.
БАҚ кейінгі ақпараты бойынша, өрт бақылауға алынды, оны сөндіру жалғасып жатыр. Өрт тұтануға байланысты тергеу басталды.
Қолда бар деректер бойынша, өрт түнгі 3 шамасында тұрақта басталған, деп хабарлады News18.
Қаза тапқандардың біреуі ер адам болса, бесеуі – әйел, оның екеуі – кәмелетке толмаған бала. Жараланғандардың қатарында 12 ер адам мен 28 әйел бар, біреуі кәмелет жасына толмаған.
Өртпен күресуге сегіз өрт сөндіру көлігі жұмылдырылды.
Бейсенбіден жұмаға қараған түні Пенджаб штатының Амритсара ауданындағы фармацевтика зауытында тұтанған тағы бір қызыл жалын төрт жұмысшының өмірін қиған.
Зауытта сақталған көптеген химикат өртке әкелген болуы керек. Дегенмен оқиғаға не себеп болғаны нақтыланған жоқ.
Өрт тұтанған кезде фабрикада жұмыс жүріп жатқан, ғимарат ішінде жұмысшылар болған. Өрт сөндіру қызметінің ұйымдасқан жұмысы жалынды бақылауға алуға көмектесті.
Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғасып, шығын көлемі есептеліп жатыр. Тергеу оқиғаның себебі мен адамдардың өліміне нақты не себеп болғанын анықтайды, деп хабарлады PTC News.