Үндістанда нөсер жауын салдарынан тағы 31 адам қаза тапты

НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM – Үндістанның солтүстігінде жауған нөсер жауын салдарынан 31 адам қаза тапты. Бұл туралы «The Times of India» басылымы хабарлады.

Фото: Аkwatoria

9-10 тамызда Үндістанның солтүстік төрт штатында - Раджастхан, Химачал-Прадеш, Уттар-Прадеш және Пенджаб штаттарында қатты жауын-шашын байқалғаны атап өтілді.

Толассыз жауын 31 адамның өмірін қиды.

Атап айтқанда, Пенджаб штатында 12 адамнан тұратын отбасы тойға бара жатқанда өзенге батып кеткен. Тоғыз жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Сондай-ақ, жеті жас жігіт Бхаратпурдағы Банганга өзенінің маңында жер опырылып, суға құлап, қаза тапты.

Тағы үш адам жиналған жаңбыр суына батып кеткен.

Қараули ауданында көрші ғимараттың бір бөлігі құлап, ер адам мен оның 10 жасар ұлы қайтыс болған. Раджастхан, Химачал-Прадеш, Уттар-Прадеш және Пенджаб штаттарында сегіз адам із-түзсіз жоғалған.

Басылымның хабарлауынша, соңғы апталардағы толассыз жауған жаңбыр Үндістанның әртүрлі аймақтарында ғимараттардың, жолдар мен көпірлердің қирауына, сондай-ақ жаппай су тасқынына, көшкінге әкеп соқты.

Айта кетейік, бұған дейін Үндістандағы көшкін құрбандарының саны 358 адамға жеткенін хабарлаған едік.