Үндістанда су тасқынынан қаза тапқандар саны 30-дан асты

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның солтүстік-шығысындағы Ассам штатында нөсер жауыннан болған су тасқынынан 31 адам көз жұмды. Бұл туралы штаттың Төтенше жағдайлардың салдарын жою басқармасы хабарлады, деп жазады Анадолы .

Фото: Анадолы

Мәліметке сәйкес, соңғы бір тәулікте табиғи апаттан тағы 21 адам көз жұмған.

Штаттың бас министрі Химанта Бисва Сарманың айтуынша, су тасқынынан шамамен 700 мың адам зардап шеккен. Сондай-ақ үш адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Оңтүстік Азияда муссон маусымы жыл сайын ірі көлемдегі су тасқыны мен көшкіндерге себеп болады. Бұл табиғи құбылыстан ең көп зардап шегетін елдер — Үндістан мен Пәкістан.

Айта кетейік, Ауғанстанның шығысындағы Нуристан провинциясында муссон жаңбырынан болған су тасқыны 20 адамның өмірін қиды. Сондай-ақ 100-ден астам адам із-түзсіз жоғалды.