Үндістанда ұсталған, бортында қазақстандық бар танкер сатылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістан жағалауында ұсталған, бортында Қазақстан азаматы бар Unity танкерін сату жоспарланып отыр. Алайда экипаж ауыстырылмайынша, теңізшілер кемеден кете алмайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Фото: Kazinform/ЖИ

ТАСС агенттігіне танкердегі теңізшілердің бірінің туысы кемені сату жоспары туралы мәлімдеген.

— Бізге кемені сатуды жоспарлап отырғанын айтты. Балаларымызды сатқанға дейін кемеде қалдырып кетпесе екен деп алаңдаймыз, — деді агенттік сұхбат берген адамү

Оның айтуынша, экипаж мүшелері олардың орнына келетін теңізшілер жеткенше танкерден кете алмайды.

Бұған дейін теңізшілердің туыстары экипаж мүшелерінің моральдық жағдайы нашарлағанын және кейбірінің денсаулығына қатысты мәселелер туындағанын хабарлаған. Теңізшілердің бірі ауруханаға жатқызылған.

Камерун туымен жүзетін Unity танкері 11 мамырдан бері Үндістанның Парадип порты маңында зәкірде тұр. Кеме иесіне қаржылық талаптар қойылуына байланысты туындаған дау салдарынан танкерді билік ұстап отыр. Даудың екі тарабы да — БАӘ-де тіркелген компаниялар. Қазір бұл іс Одиша штатының Жоғарғы сотында қаралып жатыр.

Айта кетейік, 2026 жылғы 6 қазанда Одиша штатының Жоғарғы соты экипажды кемеден түсіру және елдеріне қайтару, сондай-ақ кемедегі экипажды ауыстыру үшін шұғыл шаралар қабылдауды міндеттеген. Теңізшілерді елдеріне қайтару шығындары кеме иесінен өндіріліп алынуы мүмкін.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Үндістанның Парадип портында 23 теңізшісі бар MT UNITY кемесі ұсталған. Олардың бірі — Қазақстан азаматы. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов те кеменің ұсталуына байланысты Қазақстан тарапы нота жолдағанын мәлімдеген.