Үндістандағы Ассам штатында су тасқынынан қаза болғандар саны 47 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Үндістанның Ассам штатында болған су тасқынынан қаза тапқандар саны артты. Табиғи апаттан 720 мыңнан астам адам зардап шекті. Бұл туралы Анадолы хабарлайды.

Фото: Анадолу

Күшті жауын-шашын мен соның салдарынан болған су тасқынынан Үндістанның солтүстік-шығысындағы Ассам штатында қаза тапқандар саны 47 адамға жетті.

Hindustan Times басылымының Ассам штатының Табиғи апаттардың салдарын жою басқармасына (ASDMA) сілтеме жасап хабарлауынша, Сивасагар және Чарайдео аудандарында тағы алты адам көз жұмған.

ASDMA-ның соңғы есебіне сәйкес, су тасқыны штаттың 13 ауданындағы 721 мың адамға әсер еткен.

24 мыңға жуық тұрғын уақытша эвакуациялау орталықтарына орналастырылды.

Ассам штатының бас министрі Химанта Бисва Сарма 70-80 адамның әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін.

Оңтүстік Азияда маусымнан қыркүйекке дейін жалғасатын муссон маусымы жыл сайын Үндістанда, Пәкістанда және өңірдің өзге де елдерінде ірі су тасқындары мен басқа да табиғи апаттарға себеп болады.

Бұған дейін Пәкістандағы нөсер жауыннан 13 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жарақат алғаны туралы жаздық.