Жексенбіде Тамил Наду штатының Ченнаи қаласындағы Марина-Бич жағажайында Үндістан әуе күштерінің 92 жылдығына арналған әуе шоуын тамашалауға шамамен 15 мың адам жиналды. Авиашоу сағат 11.00-де басталып, 13.00-ге дейін жалғасқан.
Полицейлердің айтуынша, адамдардың тұншығып, есін жоғалтуына шоуды тамашалауға келген халықтың көптігі және ұйымдастыру жұмыстарының төмен болуы бірден-бір себеп болған.
– Қатты ыстықтан, адамның көптігінен ауа жетпей әлсіреген 10 адам есінен танып қалған. Оларға мемлекеттік мекемеде көмек көрсетілді, - деді полиция өкілі.
Жалпы саны аталған іс-шара кезінде 230 адам есінен танып қалған. Сондай-ақ 5 көрермен көз жұмып, 100-ге жуық адам ауруханаға жеткізілгені белгілі болды.
Айта кетейік, бұл –Үндістан әуе күштерінің Делиден тыс жерде үшінші рет, Оңтүстік Үндістанда бірінші рет әуе шоуын өткізуі. 2023 жылдың қазан айында Әскери-әуе күштері Прайагражда және 2022 жылы Чандигархта әуе шоуын өткізген еді.
Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда фестиваль кезінде 46 адамның суға батып кеткенін жазған едік.