Үндістандағы діни мерекеде 17 адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Батыс Бенгалия штатындағы Калькутта қаласында діни мереке кезінде адамдардың қысылып, бір-бірін басып кетуі салдарынан 17 адам қаза тапты, деп хабарлайды Анадолы .

Фото: Анадолы

Hindustan Times газетінің мәліметінше, оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 19:40–та Калькуттада өтіп жатқан діни мереке кезінде болған.

Оқиға салдарынан 17 адам көз жұмып, тағы 25 адам жарақат алды. Зардап шеккендер медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.

NDTV телеарнасының хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында 13 әйел мен бір бала бар.

Мереке кезінде нөсер жаңбыр жауған. Жаңбырдан қорғану үшін көпшілік жабық ғимаратқа жаппай ұмтылып, бір-бірін итеріп, қысыла бастаған.

Айта кетейік, Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Концерт ұйымдастырушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.