Үндістандағы ойын-сауық саябағындағы өрттен қаза тапқандар саны 28-ге жетті
НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM – Үндістанның батысындағы Гуджарат штатында сенбі күні болған өрттен қаза тапқандар саны 24-тен 28-ге жетті. Бұл туралы жексенбіде жергілікті өртке қарсы қызмет қызметкері хабарлады, деп жазады Синьхуа.
Раджкот қаласындағы TRP Game Zone-да өрт шыққан. Қаза тапқандар арасында кем дегенде тоғыз бала бар. Өрттің шығу себебі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ, бірақ өрт ойын-сауық саябағының ішіндегі дәнекерлеу жұмыстары немесе қысқа тұйықталу салдарынан болуы мүмкін деген болжам бар.
Саябақтағы түрлі ойын автоматтарына жанармай құю үшін сақталған дизельдік отынның үлкен қоры өртті одан ары күшейтіп, қайғылы жағдайға әкелді. Оқиғадан кейін саябақ иелері ұсталған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ойын-сауық саябағы уақытша құрылыс материалдарынан тұрғызылған және тез тұтанатын материалдарды сақтау кезіндегі тиісті қауіпсіздік шаралары жасалмаған. Штат үкіметі оқиғаны тексеру үшін арнайы топ құрды.