Үндістандағы сайлауда Модидің партиясы жеңіске жетті

Фото: Фото: bbc.com

НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM – Премьер-министр Нарендра Модидің партиялар альянсы Үндістандағы жалпы сайлауда дауыстардың көпшілігі саналғаннан кейін үкіметті құру үшін парламентте жеткілікті орынға ие болды. Бұл туралы BBC хабарлады. 

Модидің «Бхаратия Джаната» партиясы басқаратын басқарушы альянс Үндістан парламентіндегі 543 орынның 286-сын жеңіп алды, деп хабарлады Сайлау комиссиясы.

Дегенмен, партияның өзі 240 расталған орынмен абсолютті парламенттік көпшіліктен айырылды. Сонымен бірге Моди партия алдына парламенттегі 400 орын алу міндетін қойды.

Үндістанның Ұлттық конгресс партиясы басқаратын INDIA оппозициялық альянсы 193 орынға ие болып, күткеннен әлдеқайда асып түсті. 

INDIA оппозиция лидері Рахул Ганди премьер-министр Нарендра Моди өзінің ең өршіл жоспарларынан, соның ішінде конституцияны өзгерту жоспарларынан бас тартуға мәжбүр болады деп есептейді. 

Ганди әулетінің партиясы – Үндістанның Ұлттық конгресі елді 2014 жылға дейін басқарды, ол алғаш рет ұлтшыл «Бхаратия Джаната» партиясынан жеңіліс тапты. Бұл сайлауда ол 99 мандатты алды. 

Рахул Гандидің өзі премьер-министр Раджив Гандидің ұлы, премьер-министр Индира Гандидің немересі, Үндістанның бірінші премьер-министрі Джавахарлал Нерудің шөбересі, бірақ Махатма Гандидің ұрпағы емес. Ол өзі ұсынған екі округте де жеңіске жетті. Бірақ ол парламентте қай округтің өкілі болғысы келетінін әлі растаған жоқ.

Сайлаудағы жеңісін тойлай отырып, Нарендра Моди жаңа үкіметті құруға дайын екенін және кейбір аудандарда, соның ішінде Делиде партиясының қолдауын екі есе арттырғанын айтып, жемқорлықты жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді және жастар мен фермерлерге қолдау көрсетуге ниетті екеніне сендірді.

Анықтама үшін, әлемдегі ең ірі сайлау алты аптаға жалғасты. Онда 1 миллиардқа жуық адам дауыс беру құқығына ие болды. Нәтижесінде ел бойынша 640 миллионнан астам сайлаушы дауыс берді. Сонымен қатар ұлттық сайлаулар өте ыстық кезеңмен тұспа-тұс келді, бірнеше қалада ауа температурасы 45 градус Цельсийден асып, ондаған адам аптап ыстықтан қайтыс болды.