Үндістандағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 100-ге таяды

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның солтүстік-шығысындағы Ассам штатында болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 97 адамға жетті. Бұл туралы штаттың Табиғи апаттардың салдарын жою басқармасы хабарлады, деп жазады БелТА .

Фото: EFE-ТАСС

— Табиғи апаттан қаза тапқандардың жалпы саны 97 адамға жетті. Ал 15 ауданда зардап шеккендер саны 168 мыңнан асты, — делінген басқарма мәліметінде.

5 тамызда 14 ауданда шамамен 160 мың адам су тасқынынан зардап шеккені хабарланған болатын. Қазір штаттың 6 ауданында уақытша орналастыру және гуманитарлық көмек көрсетуге арналған 133 лагерь жұмыс істеп тұр. Онда эвакуацияланған 45 мыңға жуық тұрғын паналап, қажетті көмек алып жатыр.

Басқарма мәліметінше, 481 елді мекен әлі де су астында қалып отыр. Сонымен қатар жалпы аумағы 14 382,26 гектар егістік алқаптарын су басты. Кейбір аудандарда бөгеттер, жолдар, көпірлер және басқа да инфрақұрылым нысандары зақымданған. Табиғи апат салдарынан штат бойынша 41 475 бас үй жануары мен құс зардап шеккен.

Осыдан бір ай уақыт бұрын Үндістанның батысындағы Махараштра штатында нөсерлі муссон жаңбырынан болған көшкіндер мен су тасқыны салдарынан 13 адам қаза тауып, тағы 10 адам жарақат алған болатын.